«Жүректен қозғайық...»

20022019М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде 20 ақпан күні физика-математика факультетінің деканының орынбасары Закариева Зарует Алмазовна мен физика кафедрасының тәрбие жұмысы бойынша жауапты Қадырова Гүлсім Мақсотқызының жетекшілігімен және Физ-33, Физ-31 топтарының ұйымдастыруымен «Жүректен қозғайық...» атты Абай Құнанбаевтың шығармаларына және өнегелі өміріне байланысты тағылымды кеш өтті.

Қазақ халқының ұлы ақыны, әдеби тілінің негізін салушы, аудармашы, сазгер, дана, дара тұлға Абай Құнанбаев. Абай мұрасы-қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ, алтын қазынасы. Заман ауысып, уақыт өткен сайын халқымыз ғұлама Абайдың рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі бірге жасайды, ғасырлар бойы қалың елін қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді. Қылышынан қан ағып, арсыздықтың заманында надандықтың көзін ашып, қазақты ғылымға жүгіндірген дара тұлғалардың біріде Абай атамыз!

Абай атамыз он жетінші қара сөзінде ақыл, жүрек, қайрат барлық адамның бойынан табылуы тиіс деп санайды. Сонда ғана адам «толық адам» деп саналып, өзгелерге пайдасы тиетіндей үлгілі істер істейді деп санады. Осы тұрғыда елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» жолында, Абай атамыздың даналығын дәріптеу, жастардың бойындағы жігерді көтеру, рухани құндылықтарды сіңдіру мақсатында физика-математика факультетінің физика кафедрасының тәрбие жұмысы бойынша жауапты Қадырова Гүлсім Мақсотқызының жетекшілігімен және Физ-33, Физ-31 топтарының ұйымдастыруымен «Жүректен қозғайық...» атты үлгілі боларлықтай тағылымды кеш өтті. Бұл тағылымды кештің түпкі мақсаты, сол кешке жиналған физика-математика факультетінің студенттеріне Абай атамыздың өнегелі өмірінен үзінді көрсету, шығармашылығын кеңінен аша білу болды.

«Жүректен қозғайық...» деп алынып отырған тақырыптың өзінде қаншама тәрбиелік мағына, астарлы ой жатыр. Абай Құнанбаевтың:

«Жүрегіңнің түбінен терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!»,- дейтін өлеңінен көретініміздей, әрбір адам баласы жүректің не қалайтынына мән беруі керек. Бұл дегеніміз жүректің тазалығын сақтап, ардың адалдығын ойлау деген мағынада айтылып отыр!

Халқымыздың қазынасы, мол мұрасы болып саналатын алып тұлғамызды «Жүректен қозғайық...» атты тағылымды кешке дәріптеп, саналы ұрпақ ретінде үлгі боларлықтай іс жасаған Физ-33, Физ-31 топ студенттері болды. Бұл топтан құралған студенттер, кештің өту барысын ұйымдастырып, Абай атамыздың өмірінен тың мәліметтер жинақтап, Омар Жәлелұлының Абай атамыз туралы айтылған видеоролигі көрсетіліп, шығармашылықтарын арқау етіп, тағылымды кешті өз деңгейінде керемет өткізді. Өткізілген кеште Абай атамыздың өлеңдері оқылып, күйі шырқалып, әні айтылып, қара сөздерінен үзінді көрсетілді. Көрермен ретінде қатысып отырған студенттерде Абай атамыздың өмірі туралы сұрақтарға жауап беріп, тағылымды кешке өз үлестерін қосып игі істен қалыс қал,ан жоқ.

Сонымен қатар, №38 мектептің Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері ҚР Білім беру ісінің үздігі Республикалық «Үздік педагог-2013» атағының иегері Таскарина Гүлжихан Үмбетқызы және №38 мектептің оқушылары және филология факультетінің, филология ғылымдарының кондидаты, қазақ филология кафедрасының аға оқытушысы Шайекенов Жангелді Жұмақайұлы кеш қонақтары ретінде келді.

Шоқтығы биік Абай атамыз туралы сұрақтарға жауап беріп, қара сөздерінің мағынасын ашып жастарға түсіндіру мақсатында ұстаздарымыз, өздерінің бар көрген-білгендерін тағылымды кеште жиналған дүйім жұртқа ашық әңгімелеп, ерекше әсер қалдырды. Студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, әрбір айтылған әңгіменің мағынасын аша білді. Қонақтан кәде сый ретінде №38 мектептен келген оқушылар Абай атамыздың өлеңдерін оқып, қара сөздерін жатқа айтты.

20022019-1Ұлылықтың сырына қанық болғымыз келсе, даналықтың қандай болатынын ұғынғымыз келсе, дара Абай атамыз туралы айта беруге ешкім жалықпас еді! Осы тұрғыда Абай атамыздың шығармаларын зерттеп, қазақ халқына танытып жүрген қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, абайтанушы Омар Жәлелұлы. Заманның осындай бүлінген, кей жастардың бойынан тәрбие, намыс кеткенде, әрбір жасқа үлгі болатындай шоқтығы биік, ауызы дуалы Омар Жәлелұлының орны ерекше. Жастарымыздың бойына рух беретін, өзінің асыл текті қаны таза қазақ екенін ұқтыратын, қазіргі күннің рухани көсемі болып саналатын ағаларымыздың бірі және бірегейі. Абай атамызды түсіну үшін ең алдымен жүрек керек! Жүректі ашу үшін, осы орайда Омар Жәлелұлының «Харекет» атты қазыналы кітабы жол сілтерлік құрал деп санаумызға болады. Абай атамызды тануда бұл еңбектің қосар үлесі орасан зор. Бұл тұрғыда студенттердің арасынан, нақтырақ айтқанда Физ-31 студенті Базаров Мейірбек «Харекет» кітабын жиналған көпшілікке таныстырып, өзі секілді студенттерді Абай атамызды тануға шақырды.

20022019-2Бірі білсе, бірі біле бермейтін, жалпы айтқанда «харекет» деген сөздің мағынасын ашып, қазақтың кезіндегі тіл байлығының, ой зеректігінің кең екенін көптеген мысалдармен ұғынықты түрде түсіндіріп, Абай атамыздың әлеміне, түпкі ойының қандай екеніне көз жеткізерліктей түсіндірді. Әрбір тағылымды кеште отырған адамдардың санасының, руханиятының өсуіне өз үлесін қосты.

Кемеңгер тұлға қазақтың біткен маңдайына,

Жырлары әсем, сөзі өткір таңдайында.

Айтылып шындық, жазылған әрбір өлеңі,

Арналып тұр ғой барша қазақ жағдайына.

Ұстазы болып, Әл-Фараби және Науаи,

Қазақтың шоқтығы биік ұлы Абай.

Ұлт үлгісі ретінде өлеңдері,

Жаңғырып тұр, өтседе ғасыр талай!

Ұлт өрені, қазағымның ол қаймағы,

Қара сөзі бізге жеткен бұл айғағы.

Дана Абайдың даналығын бүгінде,

Тани білді барша әлем-жер аймағы.

"Адам бол",-деп анық айтып ақиқатын,

Жақсылыққа шақырған қазақ халқын.

Ашайын деп көздерін надандықтан,

Қамын жейтін қазақтың болған ақын.

Қара сөзі, қанға сіңіп таралатын,

Әрбір сөзі тереңінен ой салатын.

Рухы биік, сөзі өнеге істерімен,

Дүйім жұртқа шығарды дана қазақ атын!,-деп кеш соңында қазақ халқының кемеңгері, дана Абай атамыз туралы Физ-33, Физ-31 студенттері Айбергенова Нұрай, Уахитова Дана өз шығармашылықтарынан өлеңдерін арнады.

Рухани жан дүниеміздің жаңғыруы үшін осындай үлкен және маңызы зор шараларды өткізі өте дұрыс деп саналып, физика кафедрасының тәрбие бойынша жауаты Қадырова Гүлсім Мақсотқызына сөз беріліп, кешті өз деңгейінде сүбелі сөздермен қорытындылады.

Н.Т.Айбергенова

ҚР Президенті атындағы атаулы шәкіртақы иегері

Физ-33 топ студенті

 

ПОДЕЛИТЬСЯ

Отправить в DeliciousОтправить в DiggОтправить в FacebookОтправить в Google BookmarksОтправить в StumbleuponОтправить в TechnoratiОтправить в TwitterОтправить в LinkedInОтправить в BobrdobrОтправить в LiveinternetОтправить в LivejournalОтправить в MoymirОтправить в OdnoklassnikiОтправить в VkcomОтправить в Yaru

ВИРТУАЛЬНЫЙ ТУР

ПАРТНЕРЫ

joomla

Разработано Joomlamaster.org.ua совместно с Joomstudio.com.ua