Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» атты тіл апталығы

Тілдің қай қоғамда, қандай елде болмасын орны бөлек. Тіл болмаса, тірліктің де мәні жоқ. Тіл туралы терең ойлану қоғам үшін, қоғамның әр азаматы үшін парыз болып саналады. Еліміздің түкпір-түкпірінде тілге арналған сан түрлі шаралар өткізіліп жататыны белгілі, олардың мақсат-міндеттері де түрлі. Мұндай шаралардан біздің оқу орны да қалыс қалмайды.

Қыркүйек айының 23-28 күндері университетімізде тілдерді оқытудың практикалық курсы кафедрасының ұйымдастыруымен «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» атты тілдер апталығы болып өтті. Апталық Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні мерекесіне орай қалалық деңгейде ұйымдастырылған болатын. Маңызы зор шараның ойдағыдай өтуіне  қазақ, орыс және ағылшын тілі оқытушылары атсалысты.
Тілдер апталығының алғашқы күнгі ашылу салтанатына халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының БҚО филиалының төрағасы, БҚО әкімдігінің «Мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және мемлекеттік тілді оқыту орталығының» мемлекеттік тілді оқыту әдістеме бөлімінің басшысы Б.Қ. Жексенғалиев, Тіл басқармасының бөлім басшысы Ж.Т. Ерназаров, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, «Махамбет» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры А.С. Қыдыршаев, филология факультетінің деканы Қ.Т.Утегенова, кафедра меңгерушілері, университеттің оқытушылары және 1-курс студенттері қатысты.
Тілдерді оқытудың практикалық курсы кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы, п.ғ.к., доцент, Дина Жақсығалиқызы Құсаинованың «Қазақстанда тілдерді қолдану мен дамытудың қазіргі жағдайы» тақырыбындағы баяндамасымен басталған отырыста еліміздегі түрлі халықтардың басын біріктіріп отырған тілдер жайында, оның ішінде мемлекеттік тіл  мәртебесі болғанына қарамастан, қоғамда қағажу көріп жүрген қазақ тілі жайында біраз өткір ойлар, құнды пікірлер айтылды. Тіл басқармасының бөлім басшысы Ж.Т. Ерназаровтың «Батыс Қазақстан облысындағы жүргізіліп жатқан  мемлекеттік тіл саясаты» атты баяндамасында біздің өңіріміздегі мемлекеттік тіл саясатының орындалуына байланысты өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы айтылды.

Тіл мәселесін көтерген жиындарда үнемі жалаң ұранмен емес, жанашыр ойларымен ойлантып тастайтын Б.Жексенғалиевтің айтқан пікірі бұл жолы да тыңдаушыларын ұйытып тастады.
Студенттер атынан сөз алған физика мамандығының 4-курс студенті Александр Козлов қазақ тілін өзінің жетік білетінін және қазақ тілін қазақтарға үйретіп жүргенін айтып,  өзі сияқты студент жастарды уақыттарын тиімді пайдаланып, күш-жігері мол уақытта бірнеше тіл үйренуге шақырды. Әрине, жастардың арасында да тіл мәселесіне алаңдайтындары, тілге қатысты қандай да болмасын игі істердің басынан табылатын көкірегі ояу студенттер жеткілікті. Оған дәлел – осы жиында өз шығармашылығынан тілге арнаған туындыларын тарту еткен орыс тілінде оқытпайтын мектептегі орыс тілі мен әдебиеті мамандығының 1-курс студенті Шара Жандарбекқызы  мен 3-курс студенті Азамат Базарбаев.
Апталық аясында, 24 қыркүйек күні кафедра оқытушылары Н.А. Қабошева мен  А.С.Жұбанышева «Тілім менің» зияткерлік ойынын өткізді. Студенттердің тілге деген көзқарастары мен жалпы дүниетанымын, ұлттық құндылықтар туралы білім көкжиегін байқауды мақсат еткен бұл ойынға тарих, құқықтану, шет тілі, экономика мамандығының 1-курс,  орыс бөлімі студенттері қатыстырылды. Барлығы 7 кезеңнен тұратын ойын тартысты әрі қызықты өтті, қатысушылар екі топқа бөлініп, түрлі тақырыпта қойылған сұрақтарға жауап берді, алдарына берілген қазақ халқының тұрмыста қолданған көне бұйымдары туралы білгендерін ортаға салды. Сондай-ақ, бұл сайыста қатысушылар қала көшелеріндегі мемлекеттік тілде жазылған жарнамалардың грамматикалық, стильдік қателерін түзетуге тырысты.

Қыркүйектің 26-сы «Дизайн» мамандығының 1-курс студенттерінің қатысуымен «Тілдерді меңгерейік» тақырыбында шеберлік сағаты болып өтті.
Шараның мақсаты студенттердің бастамасын қолдап, шығармашылық қабілеттерін дамыту, ағылшын тілін оқуға деген қызығушылығын қалыптастыру болды.
Ағылшын тілі пәнінің оқытушылары Л.Т.Даулова мен Н.К.Лысенконың “Polyglots’ Competition” (полиглоттар байқауы) өтті. Байқауға 4 команда қатысты. Команда құрамындағы А.Аманшина, Р.Шакирова, Г.Мендинова, Ж.Шайхиева, И.Юрикова, Г.Абилов, Л.Маратова, А.Өтегенова, Г.Кабиева сынды 1 және 2-курстың студенттері белсенділік танытты. Бұл топтар ағылшын тілін жаңадан бастағандарына қарамастан ойын барысында тілдік білім деңгейлері жоғары деңгейде екенін байқатты.
Байқау 6 кезеңнен тұрды. 1-кезеңде әр команда өз тобын, ұранын ағылшынша таныстырса, «Вокруг Света» деп аталған 2-кезеңде жүргізушілердің әлем тілдері туралы қазақ-орыс тілдерінде қойылған сұрақтарына жауап беруге тиіс болды. 3-кезең үй тапсырмасына арналды, бұл кезеңде студенттер өздері дайындаған әзілге құрылған қойылымдар қойып, ән салды, ағылшынша өлең оқыды. «Полиглот» кезеңінде командалар тіл, әдебиет, мәдениет саласынан сұрақтарға жауап берді, бұл кезеңде сұрақ ағылшынша қойылғанымен жауап міндетті түрде 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) берілу керек деген талап қойылды. 5-кезең «Узнай героя» деп аталды. Бұл кезеңнің тапсырмасы: бүкіл әлемге танымал тұлғаны фотосуретіне қарап танып және оны суреттеу. Соңғы «Угадай мелодию» кезеңінде түрлі тілде жазылған аудио материалдармен бірге әуенді таңдап, қай тілде екенін анықтау керек болды.
Қатысушыларға өздерімен қатар оқитын өзге студенттер қолдау білдіріп, қошеметтеп отырды. Соңында халықтар достығының символы іспеттес «Әрқашан күн сөнбесін» әнін ағылшын тілінде орындады. Тіл туралы қызықты ақпараттармен әсем безендірілген шарадан көрермендер де көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Апталықтың соңғы күнінде «Өлең, мен сені аялап өтем!» атты қазақ және орыс тілдерінде мәнерлеп оқу сайысы оздырылды. Бұл сайыста да студенттер заман талабына сай үш тілді де еркін меңгергендіктерін көрсетті. Сайыс қорытындысы бойынша қазақ тілінде мәнерлеп өлең оқып, өзгелерден озық шыққан «шетел тілі: екі шет тілі» мамандығының 1-курс студенті Д.Чуковенкова және ағылшын тіліндегі өлеңді нақышына келтіріп оқудан алдына жан салмайтын «экономика» мамандығының 1-курс студенті А.Ергашова жүлделі І орынды иеленді.
Апталық жұма күні қорытындыланып, белсенділік танытқан студенттер мен оқытушыларға алғыс хаттар табыс етілді.
«Игі істің басы – тіл, тәрбие басы –тіл» дейтін болсақ, шынында да жоғары оқу орындарында мұндай  игі шаралардың өтуі аса маңызды. Студенттерге терең біліммен қатар, саналы  тәрбие беретін оқу ордасында бұл бағыттағы тәрбиелік шаралар жалғасын таба бермек.

Тілдерді оқытудың практикалық курсы
кафедрасының оқытушылары
Н.А.Кабошева, А.С. Жұбанышева

ПОДЕЛИТЬСЯ

Отправить в DeliciousОтправить в DiggОтправить в FacebookОтправить в Google BookmarksОтправить в StumbleuponОтправить в TechnoratiОтправить в TwitterОтправить в LinkedInОтправить в BobrdobrОтправить в LiveinternetОтправить в LivejournalОтправить в MoymirОтправить в OdnoklassnikiОтправить в VkcomОтправить в Yaru

ВИРТУАЛЬНЫЙ ТУР

ПАРТНЕРЫ

joomla

КАНАЛЫ RSS

Разработано Joomlamaster.org.ua совместно с Joomstudio.com.ua