Жатақхана студенттеріне арналған семинар

2012 жылдың 21 қыркүйек күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті студенттік жатақхана тұрғындарына арналған семинар өткізілді.
Семинарға Батыс Қазақстан облысы Дін істер департаментінің бас маманы Ғ.Мажиев, «Жайық» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының төрағасы Ж.Аханов, Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің маманы М.Нұржанов, тәрбие жұмысы және әлеуметтік    мәселелер жөніндегі проректор Т.М.Даришева, тәрбие бөлімінің жетекшісі М.И.Исатаев, тәрбие бөлімінің психологы А.С.Жақсығалиева, факультет декандарының орынбасарлары, университеттің белсенді студенттері мен студенттік жатақхана тұрғындары, барлығы 450 адам қатысты.
Семинардың күн тәртібінде: студенттерді студенттік жатақхана ережелерімен таныстыру; студент жастарды теріс діни ағымдардан сақтану бойынша ақпараттандыру сұрақтары қаралды.
Университеттің тәрбие  жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Т.М.Даришева – студенттерге өзін таныстыра кетіп, жатақханада тұру ережелеріне, университет ережелеріне шолу жасады. Өз сөзінде ол студенттерді тәрбиелі, мәдениетті,  жоғары оқу орнының студенті атына лайық, оқуда озат болуға, университеттің профессор-оқытушылар құрамын құрметтеуге, ағылшын тілін үйреніп шетелге  барып, білім алуға шақырды.

«Жайық» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының төрағасы Жарас Аханов – қазіргі таңда діннің атын жамылып теріс жолды уағыздап, адамдар арасына іріткі салған діни экстремистік ұйымдар жайындағы баяндамысын оқыды. Солардың бірі Батыс Қазақстан облысында кең тараған такфир бағыты туралы экраннан видеоролик көрсетілді. Ата-анасынан безіп, оларды кәпір деп, абыройсыздыққа ұшыраған жастар діни экстремисттік тәкфир, уахаб, жамағат сынды бағыттарына кетіп, адасушылыққа ұшырайтыны жайында сөз етіп, Христиан дінінің де «Новая жизнь», «Благодать», «Йогово куәгерлері» сияқты теріс бағыттары туралы мысалдар келтірді.

Дін істері департаментінің бас маманы Ғилымбек Мәжиев – бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі «дін және жастар» екенін атап өтті. Әр адам өзінің қалай пайда болғанын білгісі келеді. Алайда бұл сұрағына әр кезде дұрыс жауап бере алмайды. Орал қаласы еліміздегі діни ахуалы күрделі облыстар арасында 3 орында тұр. Оралда экстремисттік бағыттың неше түрлісі бар екенін, соның ішінде қазіргі таңда белең алған «қыздар жамиғаты» жайында  сөз етті. Олар өз қатарына қыздарды көп тартатынын, өздерінің уағыздарымен миды улайтынын айтты. Мешітке барған кезде де осы нөмірге хабарласыңыз деп, қағаз тарататынын, адамдардан аулақ болуға шақырды. Экстремисттік ағымның теріс қағидасын дәлелдеу мақсатында ол сол ағымдардың тарататын қағаздарынан насихаттарды оқып, мысал келтірді. Сөз соңында ол жастарды ата-аналарын құрметтеуге, оқу мен білімде үлкен жетістіктерге жетуге тілек білдірді.

Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің маманы Мирболат Нұржанов – студент жастарды қалалық мәдени – көпшілік іс – шараларға белсенді қатысып, Елбасының «Жасыл ел» бағдарламасына және жазғы демалыс кезіндегі студенттік құрылыс жасақтарының жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды. Жағымсыз қылықтардан аулақ болып, ата-ананың берген тәлім-тәрбиесін дұрыс пайдаланып, қоғамдық жұмыстармен, ғылыммен айналысып одан әрі дамытуға шақырды.

Тәрбие бөлімінің жетекшісі М.И.Исатаев – студенттерді белсенді болуға, жоғарғы оқу орны атына сай үлгілі, ұқыпты студент болуға шақырды. Университет қабырғасына келген күннен бастап ғылыми жобаларға қатысып, өзін жан-жағынан шыңдауға университетте толық мүмкіндік бар екенін айтты. Қыз баланың міндеті қашанда ана болу ұғымын ашып, болашақта дүниеге дені сау сәби әкелу үшін зиянды заттардан аулақ болуды үндеді. Жас ұрпаққа сапалы білім берер болашақ ұстаздық қызметіне жету үшін қазіргі кезден бастап сабақта озат, жан-жақты білімді болу керектігін айттты.
Семинар барысында студент жастар баяндамашыларға сауалдарын жолдап, құзіретті жауаптар алды.

ВИРТУАЛЬНЫЙ ТУР

ПАРТНЕРЫ

joomla

Разработано Joomlamaster.org.ua совместно с Joomstudio.com.ua