МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Күз – айтулы мерекеге толы мезгіл. Жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісінде ұстаздар күні тойланады. Бүгінде бұл мамандықтың мәртебесі жоғары. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, бойына ізгі қасиеттерді дарытатын  ұстаздар қауымы  биыл да кәсіби мереке қарсаңында зор құрметке  ие болды.

Жұлдыз шашқан жырлар

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында көтерілген  «Ұлы даланың ұлы есімдеріне» бағыты  Әбділда Тәжібаевтың есімін дәріптеу болып табылады. Биыл 2019 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында ақынның өлеңдерін оқу үшін таңдалып алынған болатын. Қазақ әдебиетінің дамуы мен қалыптасуына зор үлес қосып, қазақ әдебиетін биікке көтерген Әбділда Тәжібаевтың шығармалары жалпыхалықтық оқуға ұсынылды. Осыған орай  М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Ғылыми кітапхана мен Қазақ филологиясы кафедрасы бірлесе отырып ұйымдастыруымен  «Бір ел – бір  кітап» жалпыұлттық оқу акциясы аясында қазақтың көрнекті ақыны, драматург, әдебиеттанушы Әбділдә Тәжібаевтың 110 жылдыгына орай «Сырда туған сырбаз ақын» атты университетішілік көркем сөз  шеберлерінің арасында мәнерлеп оқудан сайыс өткізілді. bkmu1

 

Шараның ашылуында философия докторы  (PhD), аға оқытушы Айдарбек Ахметұлы студенттерге ақынның шығармашылығын насихаттай отырып келешек ұрпаққа берер мол мұрасын атап өтті. Аталмыш шараның басты мақсаты келер ұрпаққа толағай ақын, толастамас жыр иесі Ә.Тәжібаевтың шығармашылығын насихаттау арқылы патриоттық тәрбие  қалыптастыруға негізделеді. Жарысқа қатысушылар ақынның өлеңдерін жатқа оқып, өз шеберліктерін ортаға салды. Бірінен бірі оза шапқан таланттардың өнерін әділ-қазылар құрамы сарапқа салды.

bkmu2

Байқау қорытындысына сәйкес бас жүлдеге  филология факультетінің 3- курс студенті Кінәмә Ернұр,  2 – орынға  құқықтану факультетінің 1- курс студенті Қайырболат  Ақтілек , 3 - орынға 1- курс студенті Максимов Заманбек пен   2 – курс студенті  Сламғали Аманжол лайық деп танылды. Женімпаздарга арнайы алғыс хаттармен дипломдар  тапсырылды.  «Сырда туған сырбаз ақын» атты кітап көрмесінде ақынның еңбектері мен Әбділдә туралы жазылған кітаптар орын алды.  Ақынның өмір жолы мен шығармалары, сын зерттеу, естеліктері көпшілікке жақсы танымал деуге болады.Әбділдә шығармаларының негізгі үлгісі, жанры – поэзия. Бұл жанрдың ішінде айқын ерекшелігі оның сыршыл, лирик ақын болуында.Оның қаламынан туған 30-дан астам поэма мен өте көп сандағы өлеңдері сыршылдық, ойшылдығымен, шыншылдық, оттылығымен ерекшеленеді. Ақын поэзиясын басқа бірде – бір ақынның туындыларымен шатастыру мүмкін емес.Оның поэзиясы – тың ізденістің, жоғары мәдениеттің , кәнігі шебердің поэзиясы. Ә.Тәжібаев ұзақ шығармашылық ғұмырында тынымсыз ізденіп, үздіксіз еңбектеніп, тұтас бір дәуір шындығын жан-жақты, жоғары көркемдікпен бейнелей отырып  келешек ұрпаққа өте мол мұра қалдырды.

                                                                                                                                                                 Ғылыми кітапхана

 


Ұстазым бар сенің қасиетің

Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында  қыркүйек айының 30-ы күні қазақ филологиясы кафедрасында «Ұстазым бар сенің қасиетің» атты мерекелік шара өтті. Аталмыш шараның бір екершелігі бұл шараны биыл ғана университет табалдырығын аттаған І курс студенттері ұйымдастырды. Бір ай уақыт өтсе де, І курс студенттері өздерінің ұйымшылдығын танытып, өз өнерлерін ортаға салды.

Ұстаздарым биік тұлға байсалды,

Құшақ жайып өз мерекең қарсы алды.

Қуанышты жарқын тілек білдіріп

Құттықтаймыз, ұстаздарым баршаңды – деп  ақындар жырға қосқан қасиетті мамандық иелеріне  өлең жолдары арналды. Студенттер ән айтып, би билеп, терме орындап, кафедра оқытушыларының көңілдерін көтеріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шара соңында кафедраның профессор-оқытушылар құрамы студенттерге алғыс білдіріп, алдағы оқу жылына толағай табыс тіледі.

«Жоғары оқу орындар педагогтары» номинациясы бағыты бойынша халықаралық дәрежеде ГРАН-ПРИ иеленді

2019 жылдың 12-15 қыркүйек  аралығында   Нұр-Султан қаласында  «Рухани Жанғыру» және  «Цифрлі Қазақстан» бағдарламасы  аясында  «Менің сабағым» атты халықаралық үздік әдістемелік әзірмелер атты педагогикалық байқау  өткен болатын. Байқауға «Дүниежүзілік тарих және әлеуметтік – саяси пәндер» кафедрасының доценті т.ғ.к., Боранбаева Бақтылы Сансызбаевна мен оқытушы, магистр Майманова Нуршат Нуркановна қатысып «Жоғары оқу орындар педагогтары» номинациясы бағыты бойынша халықаралық дәрежеде гран-при иеленді.

Монографиялық еңбек таныстырылды

27 қыркүйек күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Саялбек Махамбетұлы Ғиззатовтың «Ақжайық өлкесі: Жаңабұлақ тарихы, ізденістер мен зерттеулер» атты монографиясының таныстырылымы өтті. Оған монография авторының ұстаздары мен профессор-оқытушылар қатысты. Кеш аталмыш еңбектің авторы С.Ғиззатовқа арналған «Өлке тарихы және ғалым келбеті» атты бейнефильммен бастау алды. Модератор, «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Қыдыршаев Абат Сатыбайұлы бейнефильмнен соң сөз кезегін монография авторы С.Махамбетұлына берді. «Ақжайық өлкесі: Жаңабұлақ тарихы, құжаттар мен деректер сарабы» тақырыбында сөз қозғаған автор, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов кітаптың жазылу тарихы мен монографиялық еңбекті жазу барысында қандай мұрағат құжаттары пайдаланылғандығы жөнінде айтып өтті.

Одан әрі М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рысбеков Тұяқбай Зейітұлы «Өлке тарихын зерттеудің өзекті мәселелері», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Мәңгілік Ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Аққали Қабижанұлы «Өлке тарихы: құнды деректер сараптамасы», Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Еуразиялық зерттеулер кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан тарихшылары Ұлттық конгресінің ғалым-хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сайлаубай Ерлан Ерназарұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы ауыл тарихы», Батыс Қазақстан облыстық Тарих және археология орталығының директоры Сафуллин Жантас Набиоллаұлы «Ел тарихы: салмақты ізденістер, заманауи технологиялар», БҚО корей халқы этномәдени бірлестігінің төрағасы Ан Виталий Константинович «Қазақ жеріне Қиыр Шығыстан көшірілген корей халқының тағдыр-талқысы», тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ғиззатов Саялбек Махамбетұлы «Жаңабұлақ ауылдық округі» тарихи-танымдық сайты – өлкетану өрісі», БҚО, Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылдық округінің әкімі Құсайынов Ермек Жахимұлы «Ел тарихындағы іргелі жаңалық», Жаңабұлақ ауылдық округі әкімдігі жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Балхашев Бауыржан Тасжанұлы «Ел келешегі: жаңаша бастамалар, өлкетану ісі», еңбек ардагері Дабысов Өтеғали Дабысқалиұлы «Туған өлке – тұнған тарих» тақырыптарында  сөз қозғады. Шара соңында қатысушылар бір-бірімен пікір алмасып, ойларын ортаға салды. Кеш естелік суретке түсумен өз мәресіне жетті.

 

                                                                                                                                                                                               Азиза СУЙНШКАЛИЕВА

 

Қала әкімі БҚМУ-да

Ұлт тарихы - адамзат баласы үшін құнды әрі тарихи мұра. Сондықтан ел тарихын білу, оны құрметтеу - әр адамның парызы.  М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрылуы мен бүгінгі күнге дейінгі даму жолы ауыз толтырып айтарлықтай өз алдына ұлы тарих. Бұл тарихты университет мұражайынан көруге болады. Қала әкімі Абат Шыныбеков 26 қыркүйек күні университет тарихын баяндайтын мұражайға ат басын тіреді. Университет ректоры Серғалиев Н.Х., оқу-әдістемелік жөніндегі проректор Тасмағамбетов Ә.С., тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор  Дәрішева Т.М. қала әкімін университеттің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Ең алдымен мұражайға келіп, тарихтан сыр шертіп, өткені мен бүгінін баяндады. Кейін қала әкімі студенттердің оқу аудиториясына бас сұғып,  университеттің ішкі аурасымен танысты. Онда шәкірттердің білім деңгейі, жетістіктері жайлы сөз қозғалды. Әкім мен университет басшылығы одан әрі студенттер жатақханасына жол тартты. Жатақханада студенттермен кездесіп, сұхбаттасты. Еркін форматта өткен кездесуде әкім мен студенттер бір-біріне сауалдарын жолдап, тұщымды жауаптарын алды.

                                                                                                                                                                                  Суйншкалиева Азиза

"Абай оқулары" байқауы өтті

Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласына байланысты көрнекті ақын, ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай  бүгін университетімізде жоғарғы оқу орындары студенттері арасында облыстық "Абай оқулары" байқауы өтті. Оған 14 студент қатысып, бағын сынады. Шара шымылдығы Хакім Абай туралы қойылыммен түрілді. Одан әрі университетішілік Абай клубының жетекшілері Азамат Бақиев пен Еркеназ Қалижан сөз алып, көрермендерге клубтың мақсат-міндетін таныстырып өтті. Өз кезегінде Филология факультетінің деканы Аскен Муханбеткалиев қатысушыларға сәттілік тілеп, ақ тілегін арнады. Сондай-ақ, аталмыш байқау барысында облыстық Абай оқуларының жеңімпаздары  Нұрсұлтан Бақтыбай мен Дәулет Қуанышбайұлы Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мәнерлеп оқыса, мың бұралған бишілеріміз қазақ биін биледі.Байқау екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар алғашқы кезеңде ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыса, келесі бөлімде қара сөздерін жатқа айтып берді.  Сайыскерлерге ақын, айтыскер, Мәдениет саласының үздігі Жансая Мусина, мәдениет және өнер факультетінің аға оқытушысы Индира Гинаятовна, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Рита Сұлтанғалиева төрелік етті. Қазылар алқасының шешімімен  байқаудың бас жүлдесіне Зафура Мамут ие болса, Айтоты Кадерова жүлделі  1-орынды қанжығалады. Ал Аслан Исламбеков сайыстың 2-орынын еншілеп, Айдана Сағызбаева 3-орынға тұрақтады.Байқау жеңімпаздарына  алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.

                                                                                                                                                            Азиза СУЙНШКАЛИЕВА

«Үздік ғылым кандидаты-2019» атты төсбелгімен марапатталды.

Биология және экология кафедрасының доценті, б.ғ.к., Бимагамбетова Гульнара Адилгиреевна 2019 жылы I–ші дәрежелі диплом және   Республикалық «Үздік ғылым кандидаты-2019» атты төсбелгімен  марапатталды.

 



«Жоғары оқу орындар педагогтары» номинациясы бағыты бойынша халықаралық дәрежеде 1 орынды иеленді.

2019 жылдың 12-15 қыркүйек  аралығында   Нұр-Султан қаласында  «Рухани Жанғыру» және  «Цифрлі Қазақстан» бағдарламасы  аясында  «Менін сабағым» атты халықаралық үздік әдістемелік әзірмелер атты педагогикалық конкурс  өткен болатын. Байқауға биология және экология кафедрасының доценті б.ғ.к., Бимагамбетова Гульнара Адилгиреевна қатысып «Жоғары оқу орындар педагогтары» номинациясы бағыты бойынша халықаралық дәрежеде 1 орынды иеленді.