Жемқорлыққа қарсы жиын өтті

21 қазан күні Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-да  Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалин мен республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, қоғам қайраткері Ырза Тұрсынзада студент жастармен кездесті.  Жиынды университеттің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Әсет Сембайұлы ашып, жүргізіп отырды. Басқосуда сөз алған Арман Бердалин сыбайлас жемқорлық тақырыбында сөз қозғай отырып, тұлға бойында қалыптасатын парасаттылық, әділдік сынды құндылықтарды кеңінен насихаттау қажеттігін атап өтті. Ол өз сөзін:-Бірде әкесі көңілі көтеріңкі отырған сәтте баласына: «Балам, күн жексенбі болсын, мен сені ойын-сауық орталығына апарып қыдыртамын» деп уәде береді. Баласы дүйсенбіден бастап күн санап, жексенбі болуын тағатсыздана күтеді. Жексенбі күні әкесі теледидарды қосса, әлем чемпионаты өтуде екен. Чемпионатты көруге ынтыққан  әкесі отырған жерінен қозғалғысы келмейді. Баласы  бүгін күн жексенбі екенін айтып, әкесіне келеді. Сол сәт әкесі әрі-бері ойланып, үстелдің үстінде жатқан А3 форматындағы газетті көзі шалады. Газеттің бір бетінде толығымен дүниежүзі картасы бейнеленген екен.  Қулыққа басқан әкесі әлгі картаның парша-паршасын шығарып жыртады да, баласына: «Құлыным, менің бір шартым бар. Егер мына жыртылған картаны жинап әкелетін болсаң, мен сені қыдыртамын» - дейді. Алайда өзі ішінен: «Иә, саған,  географияны мықты білетін ғалымның өзі ұсақ бөлшектерді жинауға 3-4 сағат уақытын арнайды. Ал сенің 4-5 сағатың кетіп, күн де батар» деп өз қулығына өзі риза болып жатқан кезде 15 минуттан соң бала картаны жинап әкеледі. Таң қалған әкесі: «Құлыным,  сен мұны қайтіп тез жинадың?» деген кезде баласы: «Оның қиналатын несі бар? Газеттің артқы бетінде адамның суреті бар еді, соған қарап жинай салдым» деген екен. Бұл дегеніміз – адам түзелсе, жер беті түзеледі дегенді білдіреді» - деп, әсерлі әңгімемен қорытындылады.Келесі боп мінберге көтерілген Ырза Тұрсынзада жастарға өнегелі әңгімелерін айтып, маңдай термен тапқан ақшаның қадірі мен құны барын, берекелі болатындығын жеткізді. Текті халықтың ұрпағы екенімізді жеткізіп, әңгіме ауанын қаракөз қыздарға бұрды. Ұлттың ұяты қыз бала екендігін айтқан Ы.Тұрсынзада қыз балалардың ары мен намысы оянса, ер балалардың рухы асқақтайтындығын жеткізді. Шара соңында университет ұстаздары мен студенттері қонақтарға ақ тілектерін білдіріп, алғыстарын айтты.

                                                                                                                               Азиза СУЙНШКАЛИЕВА,

                                                                                                                               «Өркен» газеті

ВИРТУАЛЬНЫЙ ТУР

ПАРТНЕРЫ

joomla

Разработано Joomlamaster.org.ua совместно с Joomstudio.com.ua