"Абай оқулары" байқауы өтті

Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласына байланысты көрнекті ақын, ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай  бүгін университетімізде жоғарғы оқу орындары студенттері арасында облыстық "Абай оқулары" байқауы өтті. Оған 14 студент қатысып, бағын сынады. Шара шымылдығы Хакім Абай туралы қойылыммен түрілді. Одан әрі университетішілік Абай клубының жетекшілері Азамат Бақиев пен Еркеназ Қалижан сөз алып, көрермендерге клубтың мақсат-міндетін таныстырып өтті. Өз кезегінде Филология факультетінің деканы Аскен Муханбеткалиев қатысушыларға сәттілік тілеп, ақ тілегін арнады. Сондай-ақ, аталмыш байқау барысында облыстық Абай оқуларының жеңімпаздары  Нұрсұлтан Бақтыбай мен Дәулет Қуанышбайұлы Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мәнерлеп оқыса, мың бұралған бишілеріміз қазақ биін биледі.Байқау екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар алғашқы кезеңде ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыса, келесі бөлімде қара сөздерін жатқа айтып берді.  Сайыскерлерге ақын, айтыскер, Мәдениет саласының үздігі Жансая Мусина, мәдениет және өнер факультетінің аға оқытушысы Индира Гинаятовна, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Рита Сұлтанғалиева төрелік етті. Қазылар алқасының шешімімен  байқаудың бас жүлдесіне Зафура Мамут ие болса, Айтоты Кадерова жүлделі  1-орынды қанжығалады. Ал Аслан Исламбеков сайыстың 2-орынын еншілеп, Айдана Сағызбаева 3-орынға тұрақтады.Байқау жеңімпаздарына  алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.

                                                                                                                                                            Азиза СУЙНШКАЛИЕВА

ВИРТУАЛЬНЫЙ ТУР

ПАРТНЕРЫ

joomla

Разработано Joomlamaster.org.ua совместно с Joomstudio.com.ua