Ұмытылып бара жатқан есімдерімізді жаңғыртуға үлес қоссам деймін - Назгүл Пахман

20190130031037

 ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жастық жалын-жігермен еліміздің дамуына үлес қосамыз. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 4 курс студенті Назгүл Пахман осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 2019 жылдың Жастар жылы деп жарияланып, салтанатпен ашылуы студент-жастарға да ерекше леп берді. «Елбасымыздың бұл бастамасы жастардың бойындағы жауапкершілік пен ертеңгі күнге деген сенімін арттырады. Ата-бабаларымыздың қасық қанымен, зор еңбегімен келген азаттығымыздың қадірін біліп, ұлттық қасиеттерді жоғалтпай, өскелең ұрпақтың санасында жаңғырту - біздің парызымыз. Келешекте тәуелсіздігімізді тұғырлы ету үшін тынбай еңбек етіп, еліміздің өркендеуі жолында тер төгуіміз қажет. Қазақ елінің өзге мемлекеттермен терезесі тең дәрежеде тұруы үшін атқарылатын жұмыс көп, соған өз үлесімізді қосатынымызға сенімдімін», - дейді Назгүл Ермекқызы.

-Назгүл, сені облыс көлеміндегі шараларға белсенді қатысатын жас ретінде жақсы білеміз. Өзіңнің осыған дейін қол жеткізген табыс-жетістіктеріңді алдағы уақытта да молайтуға күш салатын шығарсың ? «Иә, қолдан келгенше, алда жүргенге не жетсін! Өзім үшін 2018 жыл жеңісті де жемісті жыл болды десем, қателесе қоймаспын. Белгілі әнші-композитор Донеділ Қажымовтың әндерін орындаушылардың V республикалық «Ақ Жайық - ару мекенім» ән фестивалінің дипломанты атанып, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған республикалық көркемсөз оқу шеберлері байқауында бірінші орынға ие болдым. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында өткен «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» атты семинар-тренингке қатысып, өз білім-білігімді толықтырдым.

Осындай шаралардың арқасында еліміздің ертеңі біздің қолымызда екендігіне көзім жете түсті. Енді Жастар жылынан да күтетін үмітім көп. Ұлттық құндылықтарымызды қастерлеу, ұмытылып бара жатқан есімдерді жаңғырту бағытында ұйымдастырылатын шаралардың басы-қасынан табылып, белсене атсалыссам ба деймін», - деді Назгүл Пахман.

 

Мақалаға сілтеме

ВИРТУАЛЬНЫЙ ТУР

ПАРТНЕРЫ

joomla

Разработано Joomlamaster.org.ua совместно с Joomstudio.com.ua