БҚМУ – сенің самғау сатың, өрлеу биігің!

89c9ddf644f597a97058d74157f0477d crop l 122 t 47 w 819 h 461

Өмірге талай талант иелері мен біртуар азаматтарды тәрбиелеп ұшырған Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті – республикамыздың байырғы жоғары оқу орындарының бірі. Аталмыш оқу орнының бүгіні жөнінде халықпен бөлісу үшін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрлан Серғалиевпен жүргізілген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Нұрлан Хабиболлаұлы, БҚМУ-ды бітірген мамандардың көпшілігі облысымызда, еліміздің түкпір-түкпірінде өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп, қажырлы еңбек етуде. Бүгінге дейін білім ордасы 70 мыңға жуық жоғары білікті мамандарды дайындап шығарса, биыл қанша студент қабылданды?

– Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тарихы қоғамның әр саласында дамудың даңғыл жолын қалыптастырды. Білім мен ғылым саласындағы реформалар осының дәлелі. Тәуелсіздіктің жиырма жеті жылындағы жасампаз істер мен жаңашыл идеялар отандық ғылым мен білімді көтеруге бар күшін салды. Өркениетті елдердің қатарына қосылу үшін ең алдымен ғылым мен инновацияға басымдық беру керек екені даусыз. Кез келген елдің болашағының білім мен ғылымға тәуелді екені айдан анық. Атқарылып жатқан игі істер аз емес. Елбасы білім мен ғылымның көкжиегін түгелдей ашып берді. Мақсат-міндеттер айқын. Ендігі жерде жас ғалымдар мен мамандардың алдында тұрған үлкен міндет – отандық ғылымды дамытуға және білімді ұрпақ санатын көтеруге үлес қосу. Білімді ұрпақпен ғана бәсекеге қабілетті елге айналарымыз белгілі. Егер ақпарат майданында білімің әлсіз болса, алысқа қадам баса алмайды. Бүгінгі бәсекеге толы қоғамның басты талабы да – осы. Талап үдесінен шығу үшін мансабыңның бастауы, болашағыңның таңдауын табу да ең басты қадам. Бірнеше буын ұрпақ білім алып, қанатын қаққан біздің білім ордамыз – батыс өңіріндегі негізгі ұстаздар ұстаханасы. 86 жылдық тарихы бар білім ордасы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті – Қазақстанның көне жоғары оқу орындарының бірі, аймақтың мәдени, ғылыми, әлеуметтік және экономикалық дамыту орталығы болып табылатын білім ордасы.

Биылғы оқу жылында біздің университетімізді екі мыңға жуық студент таңдады. Бес жүзге жуық студент мемлекеттік білім грантының жеңімпаздары, соның ішінде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 44 студент мемлекеттік грант негізінде білім алғалы отыр. Қазіргі таңда жоба бойынша барлығы 360 студент білім алуда. Батыс Қазақстан облысының әкімдігі 11 мамандық бойынша 46 грант қарастырды. Биылғы жылы университетіміз үшін тағайындалған білім гранттары өңірдегі білікті мамандарды даярлаудың маңыздылығын басты назарда ұстап отырғандығының және білім алам деген, ел болашағының тізгінін ұстар, кемел келешекке талпынған студент жастарды қолдау мен қамқорлықтың, университетімізге білдірген үлкен сенімнің айқын айғағы деп білеміз. Тек биыл ғана емес, Атырау, Маңғыстау облысының, оған қарасты аудан әкімдіктерінің гранты бойынша университетімізде білім алып жатқан студенттер бар. Ағымдағы жылы Атырау облысының әкімдігі облысқа қажетті мамандықтар бойынша қосымша 7 білім грантын, Маңғыстау облысының әкімі 4 білім грантын тағайындады.

Биылғы оқу жылы біздің университетімізді таңдаған талантты жастардың арасында 30 «Алтын белгі» иегері, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауы жеңімпаздарының таңдауы – біз үшін үлкен мәртебе.

– Университеттің қам-қарекеті бүкіләлемдік деңгейде мойындалып отыр. Жаңа оқу жылында алға қойған жоспарларыңыз қандай?

– Университетіміздің алдағы дамуын айқындайтын стратегиялық жоспары бар. Қазіргі таңда ғылыми бағытты жандандыруға бар күшімізді салудамыз. Ең алдымен, кадр мәселесі, жастарды ғылымға тарту мәселесі алға қойылды. Жыл сайын ҚР Білім және ғылым министрлігі тағайындайтын магистратура мен докторантураға мақсатты гранттар бөлініп келеді. Әртүрлі мамандық бойынша 8 жас ғалым докторантураға жолдама алған-ды. Докторантураға түсуші үшін аталған гранттар аздық етері сөзсіз. Осы мақсатта жаңа оқу жылында университетіміз өз қаржысын төлеп, жас мамандарымызды аспирантураға жолдады. Биылғы жылы 17 аспирант ақылы түрде Ресейдің ірі жоғары оқу орындарына жіберілді. Жас кадрларды дайындау, кафедралардың жас ғалымдармен ғылыми әлеуетін арттыру жолындағы жұмыстарымыз басты назарда. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазір... ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген адам озады» деп бағыт сілтеуі студенттер мен оқытушылардан ғылыми ізденіс пен кәсіби шеберлікті, біліктілікті талап еткені. Бұл үшін білім жүйесін инновациялық технологиялармен жабдықтап, білім беру мен оқытудың, ғылымды игерудің халықаралық талаптарын меңгертудің маңызы зор.

Шетелдік ғылыми ортада отандық зерттеу жұмыстарының ғылыми жаңалықтары мен негізгі тұжырымдарын танытудың өзектілігі қазақстандық ғалымдар еңбектерінің рейтингісін арттыру мақсатында М.Өтемісов атындағы БҚМУ Хабаршысын жоғары рейтингке ие ғылыми басылымдар қатарына қосу бойынша жұмыстар қолға алынуда.

– М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да үш жатақхана бар. Жатақханаға студенттерді қабылдауда қандай талаптар қойылады?

– Жас ұрпақты сапалы біліммен қаруландыру үшін, ең алдымен, оларға әлеуметтік-тұрмыстық, материалдық жағынан да барынша қолайлы жағдайлар жасалуы қажет. Елбасының Қазақстан халқына арналған Жолдауларында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі назардан тыс қалған емес. Ұлт көшбасшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі жарияланып, жастар мәселесіне қатысты нақты тапсырмалар берілген болатын. Алдағы уақытта аталған бастамаға сай 500 орындық жаңа жатақхананың құрылыс жоспарлары жасақталуда. Ал, қазіргі таңда университетімізде 3 жатақхана бар. Жатақханадан орын бөлу бойынша жұмыс комиссиясы екі кезеңде жұмыс атқарады. Жұмыс комиссиясының отырысында әлеуметтік жағдайы төмен, жетім және мүгедек студенттер, көпбалалы отбасыдан шыққан студенттерге бірінші кезекте беріледі. Университетке қабылданған 1-курс білім алушылары жатақханамен толық қамтылады. Студенттік құрылыс жасақтарында және «Жасыл ел» жастар еңбек жасағында жұмыс жасаған, белсенді студенттерге де алдыңғы кезекте беріледі.

– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Ұлт жоспары бес институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамда білім беру секторының бәсекеге қабілеттілігін және экспорттық әлеуетінің өсуі үшін білім беру жүйесінде ағылшын тілін оқытуға біртіндеп көшу мақсатын қойды. Бұл ретте, М.Өтемісов атындағы оқу орнында қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Өткен оқу жылынан бастап ҚР білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жоғары оқу орнының топ-менеджерлігіне шетелдік мамандар тартылып отыр. Университеттегі көп тілді білім беру орталығының басшылығына оңтүстіккореялық маман, профессор Ли Чжон Хюннің шақыртылуы аталған сала бойынша шетелдік тәжірибе алмасудың тағы бір мүмкіндігі деп білеміз. Ағымдағы жылдан бастап Польша елінен Ұлы Казимир университетінің профессоры Анна Банчковска келіп, қызметін жалғастыруда. ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған педагогтердің ағылшын тілі курстарында 90 оқытушы біліктілігін арттырған болатын. Бүгінгі таңда оқытушыларымыз ағылшын тілінде өтетін пәндерде сабақтарын өткізуде. Көптілді білім беру орталығының директоры, топ-менеджер Ли Чжон Хюн университеттің профессор-оқытушылар құрамына ағылшын тілінен курстар ұйымдастырса, қазіргі таңда бұл курстар өз жалғасын тапты. Шетелдік топ-менеджер ретінде шақырылған профессор Анна Банчковсканың курстарында студенттер, оқытушылар, әкімшілік қызметкерлері де қатысып, ағылшын тілін меңгеруде.

– Университетте атаулы шәкіртақымен қамтылған студенттер білім алады. Атаулы шәкіртақы алу үшін қандай талаптар қойылады?

– Университеттің оқуда үздік, қоғамдық өмірде белсенділік танытып жүрген, ғылымда, спортта облыстық, республикалық деңгейде жеңімпаз атанып, мамандығы бойынша олимпиадаларға қатысып, жүлделі орын иеленген студенттерді ынталандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті атындағы шәкіртақы 17 студентке және университетішілік М.Өтемісұлы, А.С.Пушкин, В.В.Иванов, М.М.Тілеужанов, А.Д.Тайманов, Г.А.Кушаев атындағы шәкіртақылар 6 студентке тағайындалады. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының шәкіртақысын жеңіп алған студенттеріміз де бар.

– «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған студенттер саны қанша? Олардың жұмысқа орналасуы туралы айтып өтсеңіз...

– «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектердің кәсіби дамуы мен мансаптық өсуінде, әлемдік деңгейде танылуына және өз елін танытуда зор мүмкіндікке айналып отыр. Біздің түлектер бағдарлама аясында шетелде бакалавр және магистратурада білім алса, ғылыми қызметкерлеріміз тағылымдамадан өткен болатын. Олар экология, психология, аударма ісі, қолданбалы тіл білімі, шет тілі, тарих, әлеуметтану, педагогика және психология, ақпараттық жүйелер мамандықтары бойынша Канада, Түркия, Мәскеу, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Ұлыбритания, АҚШ елдерін таңдап, өз білімдері мен біліктіліктерін шыңдап қайтты. Алдағы уақытта әлі де «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің саны артады деген ойдамын. Өйткені бұл бағдарлама – биікке ұмтылған жастарға шынайы нәтижесін көрсеткен зор мүмкіндік болып отырғаны даусыз.

Мақалаға сілтеме

ВИРТУАЛЬНЫЙ ТУР

ПАРТНЕРЫ

joomla

Разработано Joomlamaster.org.ua совместно с Joomstudio.com.ua