Баба тарихына тағызым ету экспедициясының жинағы

bablar kitapҚазақ елінің тарихы – күллі ұлтымызға тән ортақ тарихымыз. Бүгінгі тарихнамада еуропацентризмнің сыналап енгізуімен пайда болған тарих атаулы бір-бірімен кереғар күштер – көшпелі «варварлар» мен «өркениетті» отырықшы халықтар текетіресінен тұрады-мыс деген түсінік басым. Уақыт сыны мұндай түсініктің дұрыс-бұрыстығына күмәнді күдік ұялатуда.

Сондай-ақ, бүгінгі басы ашық мәселе – кешегі ата-бабалар, тұтас ұрпақтар тарихының  белгілі бір сындарлы мағынаға ие екендігі. Демек, өткен ұрпақ ғұмыры телегей теңіз мағынаға толы. Осы орайдағы ойымызды ұлттық тұрғыда айқындайтын межелі мезетке бет бұрғанымызды білген жөн. Ұлтжанды қайраткер ұлдарымыздың «ұлттық тарихи жадыны сақтап қалу - өз-өзіңді сақтап қалудың жалғыз жолы» тұрғысында ой түюінің сыры да осында. Осы бағыттағы елдік іргелі іске үн қосу мақсатында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанынан «Махамбет» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, «Бабалар тарихына тағызым» экспедициясы ұйымдастырыла бастады. Мақсат – Батыс Қазақстан аймағы бойынша туған өлке тарихын зерделеуге кешенді тұрғыда кең көлемде ден қою, сәйкесті ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, махамбеттану саласына сын көзбен қарап, бүгінгі ұрпақ көзқарасын аңғарту, студент жастарды ата-баба тарихын терең білуге баулу. Ал алғы мақсаттан туындар міндеттер тізбегі сан тарау.

Бабалар тарихының тұңғиығына бойласақ, қазақ даласының тау-тасы – тарих, құм-төбесі – шежіре. Сол себепті де ел мұрасын жинау жұмысы қашан да шөп арасынан ине іздегендей машақаты да, азабы да мол, бейнеті бастан асар, айдан айға, жылдан жылға созылатын, салған жерден өне қоймайтын тірлік. Өнбейтін, десек те, бір өне қалса, мәңгі өлмейтін өнегелі де абыройлы іс. «Бабалар тарихына тағызым» экспедициясына қатысушылардың осы ізгі мақсат үдесінде еткен еңбегі, төккен тері ешқашан да елеусіз қалмасы анық. Орайлы тұста «озған ел тарихын таспен жазар, тозған ел тарихын жаспен жазар» деген тұжырымға сүйенген жөн. Даусыз дәйек – ескерген ескісін сақтайды, ел болған естісін сақтайды. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, экспедиция мүшелері аралаған елдімекендердегі қарапайым ауыл адамдарының ішінен небір дәулескер күйшілер, дауысы алты қырдан асатын әншілер, аузымен құс тістеген шешендер, құйма құлақ қариялар, өткен заманның өлмес өнерін бойға тұтып қалған өнерпаздар, көненің көзіндей ескі мұраларды өз көзінің қарашығындай көріп, жүрек түкпірінде, сана төрінде сақтап жүрген сирек кездесетін таланттар бірлі-жарым болса да табылары анық. Экспедиция құрамының мақсаты да осыған саяды.  

Жуырда университет баспаханасынан  «Махамбет» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген «Бабалар тарихына тағызым» экспедициясы материалдарының алғашқы жинағы жарық көрді. Алғашқы экспедиция нәтижелерінің І кітабы 2014 жылы мамырдың 5-інде өткен «VІ  Махамбет оқулары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жұртшылық назарына ұсынылып, тұсауы кесілді. Жинаққа Жаңақала, Бөкейорда аудандарының елдімекендеріне қатысты аңыздар желісі, Кеңес Одағының батыры Е.Ш.Орақбаевтың кейінгі жастарға қалдырған өсиеті, аталған қос ауданға қарасты елдімекен атауларына қатысты мәліметтер, Отан үшін от кешкен ел ерлерінің майданнан жолдаған хаттары, өңірлік музыкалық мәдениет, ұстаз ұлағатын ұлықтап, ұрпақ баулу жолында аянбай еңбек етіп, ағарту жолында теңдессіз тер төгіп келе жатқан қалың елдің бел ортасындағы бір-бір академия іспеттес мектептердің тарихына қатысты мәліметтер қамтылған. «Бабалар тарихына тағызым» жинағының алғашқы парағы университет ректоры, академик А.С. Иманғалиевтің «Ұлттық тарихи жадыны жаңғырту жолындағы қадам» тақырыбындағы алғы сөзімен ашылған. Қысқасы, ұсынылып отырған жинақта алғашқы экспедиция барысында тірнектеп жинақталған материалдардың бір бөлігі ұсынылған. Осы бағыттағы дүниелеріміз мәңгілік еліміздің интеллектуалды сом ұрпағын баулу ісінде кәдеге жарап жатса - мақсат биігінде болғанымыз. 

Сөз соңында айтарымыз, «Бабалар тарихына тағызым» етер экспедиция жұмысы ілгеріде де өз жалғасын жоспарлы түрде таппақ. «Жер шежіресі – ел шежіресі» дегендей, өлке тарихынан таратылған жинақ материалдарын көпшілікке ұсына отырып, осы келелі іске бірлесе үлес қосуға шақырамыз. Ортақ істе табысқа жетуде баршамызды Махамбет баба аруағы қолдағай!

Абат Қыдыршаев, 

«Махамбет» халықаралық ғылыми-зерттеу 

        орталығының директоры,п.ғ.д., профессор

 

2014 жылы мамырдың 3-і күні университетіміздің баспаханасынан «Махамбет» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының қолдауымен Бөкейордасы, Жаңақала аудандарының тарихы туралы «Бабалар тарихына тағызым» атты экспедиция материалдарының жинағы (І кітап) жарық көрді. Жаңа кітап мамырдың 5-інде өткен «VІ  Махамбет оқулары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жұртшылық назарына ұсынылып, тұсауы кесілді. 

Конференция барысында «Махамбет» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры А.С. Қыдыршаев жинақтың мақсат, міндеттерін айтып, негізгі мазмұнымен таныстырды. 

Еңбекке жазылған алғы сөзінде университет ректоры, академик Асхат Сәлімұлы Иманғалиев: «Ұсынылып отырған жинақта алғашқы экспедицияның тірнектеп жинақтаған материалдарының бір бөлігі берілді. Қабыл алғайсыз! Осы бағыттағы дүниелеріміз мәңгілік еліміздің интеллектуалды сом ұрпағын баулу ісінде кәдеге жарап жатса, мақсат биігінде болғанымыз деп білеміз», - деп түйіндейді. 

Бұл кітапқа Бөкейорда, Жаңақала аудардарының елдімекендеріне жасалған экспедиция материалдары енгізілген. Өткен жылдың қыркүйек айынан басталған ғылыми экспедиция жемісін беріп, өз алдына бір кітап болып жарық көруде. Мақсаты – Батыс Қазақстан аймағы бойынша туған өлке тарихын зерделеуге кешенді тұрғыда кең көлемде ден қою, сәйкесті ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, махамбеттану саласына сын көзбен қарап, бүгінгі ұрпақ көзқарасын аңғарту, студент жастарды ата-баба тарихын терең білуге баулу.

Басылымның редакциялық алқасына: М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, п.ғ.д., академик, төраға Иманғалиев Асхат Сәлімұлы; ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыс жөніндегі проректор, т.ғ.д., профессор Мұқтар Әбілсейіт Қапизұлы; “Махамбет” халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, п.ғ.д., профессор Қыдыршаев Абат Сатыбайұлы; ф.ғ.к., профессор Шарабасов Серікқали Ғабдешұлы; өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент Ерғалиев Айгүл Темірболатқызы енгізілген.

Кітап мазмұны экспедицияға қатысты мәліметтер, Жаңақала, Бөкейорда аудандарының елдімекендеріне қатысты аңыздар желісі, Кеңес Одағының батыры Е.Ш.Орақбаевтың кейінгі жастарға қалдырған өсиеті, жоғарыда аталған қос ауданға қарасты елдімекен атауларына қатысты мәліметтер, қызықты майдан хаттары, Бөкейордасының музыкалық мәдениеті, олардың мектептерінің тарихын қамтиды. 

Ендеше, қадірлі оқырман  қауым, қабыл алыңыздар! Баршамызға Махамбет баба рухы жар болғай!

ПОДЕЛИТЬСЯ

Отправить в DeliciousОтправить в DiggОтправить в FacebookОтправить в Google BookmarksОтправить в StumbleuponОтправить в TechnoratiОтправить в TwitterОтправить в LinkedInОтправить в BobrdobrОтправить в LiveinternetОтправить в LivejournalОтправить в MoymirОтправить в OdnoklassnikiОтправить в VkcomОтправить в Yaru

ВИРТУАЛЬНЫЙ ТУР

ПАРТНЕРЫ

joomla

КАНАЛЫ RSS

Разработано Joomlamaster.org.ua совместно с Joomstudio.com.ua