Оқу орны кітапханаларының оқу үрдісіндегі рөлі, даму кезеңдері мен бағыт алысы

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 80 жылдық мерейтойына орай, Батыс Қазақстан облысындағы жоо, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары кітапханаларына әдістемелік орталық болып табылатын университет ғылыми кітапханасы «Оқу орны кітапханаларының оқу үрдісіндегі рөлі, даму кезеңдері мен бағыт алысы» атты облыстық семинар өткізді.
Конференцияға Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ғылыми кітапханасы, Біліктілікті арттыру институтының кітапханасы, Жәнібек, Шыңғырлау, Переметное, Ақсай техникалық колледж кітапханалары, Орал қаласындағы №12, №1, №3, №4 кәсіптік лицей кітапханалары, Орал гуманитарлық-техникалық колледжі, Орал медициналық колледжі, Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі, Орал қаржы-экономикалық колледжі, Батыс Қазақстан инженерлік-техникалық колледжі, Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж кітапханаларының кітапханашылары қатысты.
Конференцияның ашылу мәжілісінде сөз алған т.ғ.д., профессор, БҚМУ-дың ХБ және ҒЖ жөніндегі проректоры Ә.Қ.Мұқтар университет ғылыми кітапханасының арнаулы кәсіптік білім беру орындарының кітапханаларына әдістемелік орталық болып табылатындығын, жыл сайын жоспарға сай түрлі тақырыпта семинарлар өтетіндігін баса айтып өтті. БҚМУ-дың 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған облыстық конференцияға қатысушы кітапханашыларға ақ жол, шығармашылық табыстар тіледі.
Кітапхана директоры Т.Алимбекерова облыстық конференцияға қатысушыларға қош келдіңіз айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. «Университет інжу маржаны» 80 жылдық тарихы бар ғылыми кітапхана өмірі мен даму барысы» атты тақырыбында баяндама жасады.
Конференцияның жұмыс бағдарламасына сәйкес Жәңгір хан атындағы БҚАТУ кітапханасының директоры А.Б.Есенаманова электронды кітапхананың дамуы барысын, әр түрлі жобалармен тығыз байланыста екендігін слайд арқылы тізгіндеп айтып берді. Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледж кітапханасының меңгерушісі К.Ж. Умбетова «Кітапханада ақпараттық-электронды ресурстарды қолдану» атты баяндамасында кітапхана саласында қолданылып жатқан жаңа ақпараттық технологиялар, электрондық ресурстар, пайдаланушыларға қызмет көрсетудің жаңа формалары, кітапхана қорларын сақтау – бұл бүгінгі күннің белесі екендігін баса айтып, колледж кітапханасында 12 компьютерден тұратын электронды оқу залы жұмыс жасайтындығын мақтанышпен атап өтті.
Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің кітапханашысы Т.С.Шимко мен Орал қаржы-экономикалық колледжі кітапханасының меңгерушісі В.Искакова өз баяндамаларында білім беру ошақтарындағы кітапханалардың қалай жабдықталуы керектігін, оқырмандармен жүргізілетін жұмыстарды, заманға сай жүргізілген ақпараттық-библиографиялық іс-қызметтерді атап өтті. Ғылым мен техниканың ерекше алға басқан қазіргі кезеңінде кітапхананың қызмет көрсету ауқымы электронды ресурстармен толығып жатқандығын көрсетті.
Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж кітапханасының меңгерушісі М.Ә.Такеева «Колледж кітапханашыларының кәсіби біліктілігі, оқырмандармен жүргізілетін тәрбие жұмыстары» атты баяндамасында кітапханада басқа жұмыс түрлерімен қатар өткізілетін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатындығын, жастардың рухани жан дүниесін, ой-өрісін байытуға, жоғары эстетикалық талғамын, адамгершілікке, елі мен жерін сүюге, құрметтеуге, кітапқа деген өзіндік махаббатын оятуға ықпал етуге маңызы зор екендігін атап өтті.

Конференцияның қадірлі қонақтары Краснодар мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің профессоры, п.ғ.д. А.А. Горбачев, университет ғылыми кітапханасының ардагерлері Ф.Н.Сұлтанова, Г.Т.Бурекешева, Г.З.Таушевалар кітапхана тарихы мен даму кезеңдерінен естеліктер айтып өтті. Университет ұжымына, кітапханашыларға жетістіктер тіледі.
Конференция барысында кітапхананың өзекті мәселелері де сөз болды. №13 кәсіптік колледж кітапханасының кітапханашысы И.П.Черкова жалпы кітап қорын, жасалып жатқан жұмыстарды айта келе, кітапханада компьютердің жоқтығын айтты. Жәнібек колледжінің кітапханашысы А.С.Баташева кітапханада өтетін көпшілік іс-шараларды, мектеп кітапханаларымен байланысын, бірлесе жұмыстанып жатқандығын, баспасөз басылымдарын уақытылы алатындығын, кітапханады жұмыс компьютерінің бар екендігін, жұмыс барысының қанағаттанарлық жағдайды жүргізіп жатқандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, қаладағы колледж кітапханалары кітапханалық бағдарламалармен әлі де болса жабдықталмағандығы сөз болды. О.Р.Димухаметовтың авторлық жобасы «Библиотечное дело» бағдарламасы тиімді, әрі арзан екендігі осы бағдарламаны алып қолданысқа енгізу қажеттілігі айтылды.
Оқу орнындағы кітапханалардың өзекті мәселелері мен алдағы жоспарлары, жасалып жатырған жұмыстары мен жетістіктері айқындалған конференция жұмысы өз мәресіне жетті. Конференцияға қатысушыларға естелікке университет тарихынан кітаптар мен қалта кітапшалары ұсынылды.

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua