Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру талабы

27092018

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс- қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін атап өтті. Осыған орай М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Ғылыми кітапханасында оқытушылар құрамы мен педагогика және психология, филология факультетінің 1- курс студенттері арасында «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Аталмыш шараға филология ғылымдарының докторы, Сабыр Мұрат Бөкенбайұлы, доцент, филология ғылымдарының докторы Хасанов Ғабит Қайыржанұлы, тіл маманы, филология ғылымдарының кандидаты Аронов Құспан Ғұмарұлы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Шайекенов Жангелді Жұмақайұлы және студенттер құрамы қатысты. Шара барысында, латын графикасын негізге ала отырып, студенттерге латын әрпінің таңбалануын түсіндіріп берді. Латын әліпбиіне көшудің ең басты қажеттілігі мен қазақ тіліндегі сөздердің айтылуындағы өзгерістер, ұтымды тұстары талқыланды. Одан әрі студенттер қазақ жазуын кириллицадан латын тіліне көшіру мәселесіне қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп, өздерінің көкейтесті сұрақтарына жауап алды. Ғылыми кітапхана кітапханашысы Нұрғалиева Садап Сүйесінқызы «Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы » атты әдебиеттер көрмесіне шолу жасады. Кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» жолдауына байланысты баспасөз бетіндегі жарияланымдар қойылған. Екінші бөлімінде қазіргі таңдағы өзекті мәселе болып отырған Латын тіліне көшу жөнінде жазылған сын-пікірлер топтастырылған. Қорытынды бөлімінде ғылыми кітапхана қорының сирек кітаптар мұражайындағы латын әрпімен жазылған құнды кітаптар көрмеленген.

270920181Қорыта келгенде, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі тіліміздің әрі қарай жаңғыруына жақсы ықпал етері сөзсіз. Мемлекеттік тілдің латын әрпіне көшуі- заман талабы. Латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады ғой деген ойдамыз.

 

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua