Текті сөздің зергері

2016 жылы қараша айының 24-і күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазіргі әдебиеттану, тілтану мәселелері және жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев шығармашылығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтікізілді. Конференция «Талант тұғыры» атты бейнефильммен ашылды. Конференцияның пленарлық мәжілісінде Орал қаласының әкімі Төреғалиев Нариман Төреғалиұлы,  белгілі жазушы, қоғам қайраткері Құлкенов Мереке Әбдешұлы, еңбек ардагері, жазушының студент кездегі кураторы Меруерт Жолдықайырқызы Жолдықайыровалар алғашқы болып сөз алып, қаламгерді мерейлі 60 жасымен құттықтады.

12-1М.Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры, академик Асхат Сәлімұлы Иманғалиев конференцияны аша отырып, кіріспе сөзінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы-драматург, мерейтой иесі Рахымжан Қасымғалиұлы Отарбаевты құттықтай келе, университеттің ғылыми Кеңесінің шешімімен білім ордасының түлегі, мерейтой иесі, жазушы-драматург Р.Қ.Отарбаевқа «М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың құрметті профессоры» академиялық атағы берілгенін жариялап, жазушы-қаламгер иығына профессорлық мантия жауып, арнайы куәлік табыс етті. 

Пленарлық мәжілісте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың құрметті профессоры, ақын Ақұштап Бақтыгерейқызы Бақтыгереева «Рахымжан – өзіндік мінез, өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер», «Махамбет» гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, п.ғ.д., профессор Абат Сатыбайұлы Қыдыршаев «Рахымжан Отарбаев – текті сөздің зергері», ф.ғ.к., доцент Рита Бекжанқызы Сұлтанғалиева «Рахымжан Отарбаев драматургиясы: тарихи драма, тарихи тұлға, көркемдік шешім және жаңашыл көзқарас», БҚО, Сырым ауданы, жалпы білім беретін Бұлан орта мектеп-балабақша кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ләйлі Науайқызы Мақсотова «Жазушы Р.Отарбаев шығармаларының оқушының сөйлеу мәдениетін дамытудағы орны» тақырыптарында ғылым-тәжірибелік баяндамалар жасады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Амангелді Ғұбайдоллаұлы Шахин жазушыға арнаған «Оралыңа оралып тұр сағынтып» атты өлең-жырын ұсынды. 

12-2

Конференция барысында студент Еркеназ Қалижан жазушы Рахымжан ағаға арнаған өлеңін – төл туындысын оқыса, филология факультетінің студенттері Еркебұлан Ғилманов, Мейрамбек Орынғалиев, Асланбек Шығыров, БҚО, Сырым ауданы, ЖББО Бұлан мектеп-балабақша кешенінің оқушылары Ғаділжан Базарбаев, Гүлден Сағидоқас, Инабат Русланқызы жазушы-драматург Р.Отарбаевтың шығармаларынан үзінділерді мәнерлеп оқыды.

Пленарлық мәжіліс соңында қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, мерейтой иесі Рахымжан Қасымғалиұлы Отарбаев сөз алып, университет ректоратына алғыс айтып, оқырмандар сауалдарына жауап берді. 

Конференция барысында «Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылық шеберханасы және әдебиеттану, тілтану мәселелері», «Қазіргі қоғамдағы және білім беру саласындағы сөйлеу мәдениеті: теориясы, тәжірибесі, оқыту технологиясы және тәрбиелік мәні» атты секциялық мәжілістері ұйымдастырылды. Профессор Абат Сатыбайұлы Қыдыршаевтың «Кәсіби іскер маманның ауызша сөйлеу арқылы әсер ету моделі» атты шеберлік класы (мастер-класс) өткізілді. Конференция түйіні ретінде БҚО Қазақ драма театрының ұйымдастыруымен жазушы – драматург Рахымжан Отарбаевтың «Жәңгір хан» драмасы қойылды. Конференция қорытындысында жинақталған материалдар негізінде арнайы ғылыми жинақ жарық көретіні айтылды.

 

 

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua