Педагог. Тәлімгер. Ғалым.

Адалдықтың ақ жолын дара басып,

Келесіз сан шәкірттің бағын ашып.

Жатталған мың жүректе бір есім бар

Ол- ұстаз-Серікқали Шарабасов.

shara 1 shara 2 shara 3

Есімі өлкеге, Жайық жұртына ғана емес, республикаға мәшһүр  ұлағатты ұстаз, сөйлеу өнерінің  зергер ұстасы, қазақ әдебиетінің шынайы жанашыры, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Тіл жанашыры» төсбелгілерінің, «ҚР Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Ерен ерлігі үшін», «Қадыр Мырза Әлі» атындағы медальдардың иегері, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, әдебиеттанушы, ғалым Серікқали Ғабдешұлы Шарабасовтың туылғанына 70 жыл толуына арналған «Ұмытылмас есім: ұстаз, ғалым, тұлға» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференция «Сөз сардары – нар тұлға» атты ғалым-ұстаз өміріне арналған бейнефильммен ашылып,  сахнаға  конференция трибунасының құрметті төралқасы таныстырылды. Конференцияға құрметті шақырулы қонақтар, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, Бисенғали Зинол-Ғабден Қабиұлы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың Құрметті профессоры Бақтыгереева Ақұштап Бақтыгерейқызы және профессор-оқытушылар, магистранттар мен студенттер, ғалым-ұстаздың жан-жары Әспет апай мен балалары қатысты. Шешендік өнердің озық үлгісіндей, ділмар ұстаз Серікқали Шарабасовты еске алуға келген қонақтар ғалым-ұстаздың жасаған игі істерін еске түсіріп, ғылым мен әдебиетте сіңірген еңбегін бағалап, сөз сөйледі.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» - деп,  ұлы Абай айтқандай, Серікққали Шарабасов Ғабдешұлы  - әр шәкірттің жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен есте қалған ұстаз. Ғалым-ұстаз қазақ әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерімен айналысып ғылыми еңбектер де жазған болатын. Сол еңбектер топтастырылып кітап болып басылып шықты. Кітаптың тұсаукесері де конференцияда аталып өтті. 

Конференция соңында ғалым-ұстаздың жан-жары Әспет апай ұйымдастыру алқасына алғысын айтып, көп естеліктерін еске түсіріп, конференцияны қорытындылады.

«Үлкенмен, кішімен де араласып,

Жүретін даңғылында дара басып

Айып па айбыны асып тұрса егер де

Жайықта Серікқали Шарабасов.

Күн сайын тиістісіз түлеуге, аға,

Керек қой «Шілпіктерге» тіреу дара.

...Қайыққа көппен бірге сыймай тұғын

Жайықта Шарабасов біреу ғана», - деп, өскелең ұрпақты азаматтық мінезімен, еңбекқор қасиетімен, сергек болмысымен өмірлік үлгі алатын ғалым-ұстаз,тұлға ретінде қалыптастырған Серікққали Шарабасовты еске алуға  арналған республикалық ғылыми-конференция өз мәресене жетті.

 

 

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua