Тарихи роман жазудың хас шебері...

01-10-1 500x331«Бір ел-бір кітап» акциясы аясында Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын оқуға арналған әдеби кеш

01-10-2 500x327 01-10-3 500x333

Қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа, өнегелілікке тәрбиелеу, сондай-ақ оқырмандарды әдеби-көркем кітаптарды оқуға, кітапханаға тартуға бағытталған «Бір ел-бір кітап 2015» акциясына, академик Ғарифолла Есімнің төрағалығымен өткен ұйымдастыру комитетінің отырысында оқырмандардың ең көп дауыс жинауына байланысты, « 2015 Жыл кітабы» болып көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы таңдалып алынды. 

Осыған орай Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасы және қазақ филологиясы кафедрасы бірлесе отырып Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын оқуға байланысты әдеби кеш өткізді. Аталмыш шараға «Фолиант» баспасының өкілдері, Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ғылыми кітапхана, қалалық және райондық колледж кітапхана директорлары, М. Өтемісов атындағы  БҚМУ профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер, студенттер мен магистранттар қатысты.

Шараны  М.Өтемісов атындағы БҚМУ ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор, п.ғ.д., Ғизатолла Имашұлы Имашев ашып, биылғы жылы «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында « 2015 Жыл кітабы» болып көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы таңдалып алынғанын Қазақ хандығының 550 жылдығымен және Ілияс Есенберлиннің туғанына жүз жыл толуымен қатар келіп тұрғанына ерекше атап өтті. Сонымен қатар шара ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, әдеби кештің сәнді де мәнді өтуіне тілек білдірді. 

М.Өтемісов атындағы БҚМУ  Қазақстан тарихы кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Исмурзин Жәнібек Алаярұлы тәуелсіздіктің ширек ғасырға жуық жаңа шежіресінде өркениеттік даму үрдісімен төрткүл дүниені таңдандырған Қазақстанның мемлекеттігі кеше ғана басталмағанын атап өтіп, төл тарихын білгісі келетін қалың оқырманға Қазақ хандығының төрт ғасырлық шежіресінің елеулі кезеңдерінен сыр шертті.

Ілияс Есенберлин өзінің тарихи трилогиясында қазақ елінің ХV-XIX ғасырлардағы Тәуелсіздік үшін табанды күресті көркем суреттеп, осы жолдардағы қиындықтарды, ішкі қайшылықтарды, адам қатынастарын, олардың әрекеті мен мінез-құлықтарын, сырт жаулармен шайқаста шыныққан бірлікті, дәстүрді, салт-сананы көрсетеді. Шежіре мағлұматтарға, аңыз әңгімелерге сүйене отырып, қазақ халқы тарихының аса маңызды тұстарын ашып, көптеген тарихи қайраткерлердің көркем тұлғасын жасады. Осыған орай қалың оқырманға «Көшпенділер» романы және Ілияс Есенберлиннің шығармашылығы туралы ой-пікірін білдіру үшін БҚМУ қазақ филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Шайекенов Жанкелді Жұмақайұлы сөз алды. Ғалым сөзінде романның қалай трилогияға  айналғанын және тарихи деректердің әдеби бейнеге көшірілуін, кейбір тарихи кейіпкерлердің ғасырына қарамастан әдеби образға айналуын егжей-тегжейлі баяндады және Абылай ханның образын, оның үш арманының жүзеге асуын қазіргі өмірмен салыстыра бейнеледі. 

Кеш барысында филология факультетінің бір топ студенттері күшімен «Көшпенділер» романы бойынша көрініс қойылды және 2-курс студенті Шығыров Асланбек Бұқар жыраудың термесін орындап, өнер сүйер қалың көрерменнің  шаттыққа бөледі. 

Шараны БҚМУ Ғылыми кітапханасының директоры Тоты Еркінқызы Алимбекерова қорытындылап, шараға қатысқан қонақтарға, профессор оқытушылар құрамына, студенттерге кітапхана ұжымы тарапынан үлкен алғыс білдірді. 

Кеш соңында Ж. Молдағалиев атындағы  Облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директорының кітапхана ісі бойынша орынбасары Кенжебаева Сара Көшәліқызы осындай ауқымды шараға ат салысқаны үшін БҚМУ ғылыми кітапханасының директоры Т. Е. Алимбекероваға, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Н. Қ.Есенгалиеваға,  М.Өтемісов атындағы БҚМУ  Қазақстан тарихы кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, т. ғ. к. Ж.А. Исмурзинге, БҚМУ Қазақ филологиясы кафедрасының доценті, ф. ғ. к., Ж. Ж. Шайекеновке және көрініске қатысқан студенттерге Ж. Молдағалиев атындағы облыстық  әмбебап ғылыми кітапхана атынан Алғыс хатпен «Көшпенділер» трилогиясының электронды нұсқасын табыс етті. 

 

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua