Гранттық жоба жетістіктері

ГРАНТТЫҚ ЖОБА ЖЕТІСТІКТЕРІ

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті әр үш жыл сайын ғылымның барлық салалары бойынша гранттық жоба конкурсын жариялап отырады. 2018–2020 жылдарға арналған ғылыми жоба конкурсына өз жұмыстарын жіберген шығармашылық топ (ғылыми жетекшісі - әдебиетанушы, педагог-ғалым, қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірін, әдеби сын тарихын, әдеби өлке тарихын, ұлт лирикасының тарихын, туысқан халықтар әдебиетін зерттеуші, өлкетанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, қауымдастырылған профессор Мүтиев Зейнолла Жақсылықұлы)«Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдың білімі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер және қоғам мен мемлекетті жаңғырту жағдайындағы мәдениет, дәстүрлер, құндылықтар салаларындағы зерттеулер бағыты бойынша гранттық жобасын ұтуға қол жеткізді.

Жоба тақырыбының атауы: «Әдеби өлкетану: рухани жаңғыру (Орал өңірі ақын-жазушыларының шығармашылық мұрасы. ХХ-ХХІ ғасырдың басы)» деп аталады. Жобаны ұзақтығы: үш жыл (2018 –2020).

Қазақтың көркем әдебиеті – қазақ ұлтының рухани мәдениетінің біртұтас жүйесі боп табылса, ал оның негізгі қабатын Өлке әдебиеті құрайтыны анық. Яки, әдеби өлкетануды зерттеу арқылы, Әдеби өлке әдебиетін тексеру нәтижесінде Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап өткен рухани жаңғыру мәселесіне бір адым жақындаймыз.

Жоба мақсаты: Әдеби өлкетануды зерттеу арқылы Батыс Базақстан аймағының Орал өңірі ақын-жазушыларының әдеби-шығармашылық мұрасын ғылыми тұрғыдан саралауға қол жеткізу. Басты мақсат – өңірдің ақын-жазушыларының ХХ ғасырда және ХХІ ғасырдың басында жарияланған шығармаларын (поэзия, проза, драматургия, т.б.) зерттеп, әдеби-ғылыми тұрғыдан талдап, таразылау бір жүйеге түсіру. Ғылыми-зерттеу нәтижелерін «Әдеби өлкетану: рухани жаңғыру» аталатын кезең-кезеңге бөлінген үш кітаптан тұратын монографияға айналдыру, хрестоматиялар құрастыру. Жоо-да және жалпы білім беретін орта мектепте «Әдеби өлкетану» аталатын элективті курс, факультативтік сабақ енгізу, оның бағдарламасын жасақтау. Таңдау курстарын жүргізу арқылы сапалы білім беру мамұнын байыту, жан-жақты дамыған, өз елін, халқын ерекше сүйетін тұлға қалыптастыруды мақсат ету – әдеби білім беру жүйесінің өзекті мәселелерінің бірі.

 Бүгінгі күні «Әдеби өлкетану» пәні- М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да болашақ филолог мамандық студенттеріне таңдау курсы есебінде оқытылып келеді. «Әдеби өлкетануды» болашақта хронологиялық жүйемен элективті курс ретінде жоо-на және факультативтік сабақ түрінде жалпы білім беретін мектепке енгізген жағдайда пәннің атауынан көрініп тұрғандай, аталған курс оқушылар мен студенттерге (магистранттарға) өлкемізге қатысты әдеби мұраларды игеруге толық мүмкіндік береді.

Зерттеу жұмыстары басталған екі жыл (2018, 2019) ішінде «Әдеби өлкетану: қоғамдық сананы рухани жаңғырту (Орал өңірі ақын-жазушыларының шығармашылық мұрасы. ХХ-ХХІ ғасырдың басы)» тақырыбындағы 3 кітаптан тұратын монография (авторлары: топ жетекшісі, ф.ғ.к., доцент, қауымдастырылған профессор Зейнолла Мүтиев, педагогика ғылымдарының магистрі, жетекші ғылыми қызметкер Жангүлім Мұханбетова) мен хрестоматияның (құрастырушылар: ф.ғ.к., доцент, қауымдастырылған профессор Зейнолла Мүтиев, педагогика ғылымдарының магистрі Жангүлім Мұханбетова, философия докторы (PhD), аға ғылыми қызметкер Айдарбек Ақболатов) еңбектің 1-2 кітабы жарық көріп, білім алушылар пайдалана бастады. Зерттеудің 3-кітабы 2020 жылдың аяғында шығады деп күтілуде.

Зерттеудің 1- кітабында (монография: көлемі – 420 бет, хрестоматия: көлемі – 408 бет) Батыс өңірінің ірі әдебиет өкілдері, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихында өзіндік қолтаңбасы бар, ғылыми-ағартушылық, философиялық поэзияның көрнекті өкілі Ш.Бөкеев (1847-1920), ұлт-азатшыл бағыттағы шығармашылық тұлға, көрнекті шайыр Ғ.Қараш (1875-1921), қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын һәм айтыскер Х.Өтеғалиева (1889-1984), Ұлы Отан соғысында жалынды жырымен ұлттық рухты оятуға үлес қосып, майдан даласында қаза тапқан А.Жұмағалиев (1915-1942) өмірі мен шығармашылығын талданған.

Сонымен бірге Ұлы Отан соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегімен танылған прозашы-романшылар, қазақ поэзиясының жауһарлары, ақындар: Қ.Жұмалиев (1907-1968), Т.Жароков (1908-1965), Х.Есенжанов (1908-1975), Ж.Тілеков (1911-1980), С.Сейітов (1917-2007), Ж.Молдағалиев (1920-1989), Б.Аманшин (1924-1985), Б.Ырзабаев (1932-1995) сынды қаламгерлер шығармалары әр қырынан алынып, кеңінен сараланған.

Зерттеудің 2- кітабында (монография: көлемі – 420 бет, хрестоматия: көлемі – 430 бет) 1960-1980 жылдардың қазақ әдебиетіне өзіндік өрнек, тың жаңалық әкелген ақын-жазушылар, әдеби өлкенің көрнекті өкілдер: Қ.Мырза Әли (1935-2011), С.Еркебаев (1935-1997), С.Даумов (1935-2004), Ж.Набиуллин (1936-2012), Қ.Бектұрғанов (1937-2015), Қ.Жұмағалиев (1937-2013), Б.Ойшыбаев (1940-1997), А.Нәріков (1940), А.Сұлтанов (1942-2003), Қ.Қараманұлы (1943), А.Бақтыгереева (1944), М.Есламғалиев (1946-2004), А.Бектұрғанов (1948), Ш.Қыдрниязова (1949) А.Қадырбаева (1950), сынды талантты қаламгерлерлердің шығармашылық шеберханасымен терең таныса алады.

Зерттеудің 3- кітабында 1980-1990 жылдардың жаңашыл ақын-жазушылары: С.Әбдуғалиев (1948-1984), О.Сату (1948), Ж.Мырзәлиев (1948-1998), М.Қажиахметов (1954), Д.Мұштанова (1954), Б.Баймұқанқызы (1956-2006), А.Шахин (1954), З.Сисенғали (1957), Ұ.Сариева (1957), Ғ.Сейтақ (1958), А.Таубаева (1958-2016), С.Хасанов (1960) сынды қаламгерлер туындыларына алғаш рет монографиялық талдау жүргізілуде.

Сондай-ақ Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиеттің өкілдері: Т.Таймасұлы (1965), Б.Ғұбайдуллин (1965), А.Сейтақ (1966), М.Шүйіншәлиева (1967), М.Балмолда (1969), Қ.Құттымұратұлы (1970), Б.Айтболатұлы (1972), Б.Халиолла (1979) т.б. үздік шығармалары тексеріс көзіне алынады.

 

Жоба авторлары зерттеу аясына сай Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы республикалық, академиялық кітапханаларда, кітап мұражайларында, сирек кітаптар мен қолжазбалар залында, ҚР Ұлттық Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ізденіс жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге Қазан, Уфа қалаларының мемлекеттік университеті кітапханаларында, ұлттық архивтерінде отырып, деректер жинады.

Жоба авторларына сәттілік тілейміз, шығармашылық табыстары мол болсын!

Ғылым бөлімі

Сауалнама - Анкета

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua