Біліктілікті арттыру курсынан – тәжірибеге

Біліктілікті арттыру курсынан – тәжірибеге

Әр педагог үнемі жаңашылдыққа ұмтылып, өзінің әдістемесін жетілдіреді. Оның әдістері де жеткілікті. Атап айтсақ, біліктілікті арттыру курсынан дәстүрлі және желілік формада өту, озық тәжірибелерді оқып-үйрену, т.с.с.

«Жаңартылған білім мазмұны шеңберінде жоғары оқу орындарындағы қазіргі педагогикалық технологиялар» атты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті базасында Орал қаласында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің оқытушыларына арналған курстан 2019 жылдың маусым айында өттік.

Курсқа қатысушыларға Курманов Б. ақпараттық технологияны оқыту үдерісіне қолданудың нақты жағдайларын қарастырып, бейнемонтаждау, скринкаст, экрандық бейнетүсірілім және тестілеудің бағдарламалық жабдықтарын пайдаланудың практикасына үйретті. Өйткені жаңартылған білім мазмұнын меңгеру мұндай заманауи ақпараттық құралдарды, бағдарламаларды қолдануды талап етеді.

Исалдиева С. белсенді оқыту әдістерімен таныстыра отырып, әр сабақты инновациялық оқыту технологиялары арқылы өткізуге баулыды. Бұл өз кезегінде әр оқытушының өз пәнін жаңартылған білім мазмұнына бағдарлауға және оны ұйымдастырудың әдіс-тәсілдерін жетілдіруге мүмкіндік туғызады.

Тен А. критериалды бағалау және оның жоспарлаудан тәуелділігін тыңғылықты түсіндірді. Критериалды бағалау тапсырмаларын дайындау әдістері, критерийлер мен дескрипторлар әзірлеу техникасы мен микрооқытудағы бағалаудың рөлі қарастырылды. Әр сабақта курс қатысушылары теориялық мағлұматтармен қатар, қандай да бір практикалық икемділікті қалыптастырды.

Курс қатысушылары оқытылған норматитік-құқықтық,  педагогикалық-психологиялық, мазмұндық, технологиялық модульдер бойынша білімдерін жетілдіріп, жоспар бойынша өзіндік жұмыстарын тапсырды. Курс соңында әр қатысушы алған білімін оқу үдерісіне қолдануға құзыретті екендігін портфолио әзірлеп, оны көпшілік алдында қорғауы арқылы дәлелді.

Курс оқытушылары мен қатысушылар (тыңдаушы) арасында іскери қарым-қатынас қалыптасты. Орал қаласындағы жоғары оқу орындары оқытушыларының достық байланысы беки түсті. Курс соңында А.С.Тен авторлық әдістемелік құралын маған сыйлады. Мен оны өз кәсіби жұмысымда пайдаланып жүрмін. Студенттер мен магистранттар осы құралды басшылыққа алып, түрлі белсенді әдістерді қолдануға үйренді.

Қазіргі кезде осы курстан үйренген экрандық бейнетүсірілім, бейнежазбаны өңдеу, тестілеу құралдары, бағалау критерийлері мен бақылау тәсілдері әдістемелік пән мазмұнына енгізілді. Бұлар қашықтан оқыту кезінде тіпті тиімді құралға айналды.

Қашықтан оқытуда түрлі платформаларды пайдаланып жатырмыз. Ең басты проблема - контент дайындау.

Онлайн сабақ пен бейнедәріс студенттердің интерактивті оқытуға мүмкіндік туғызып, студенттердің контент бойынша сұрақтарын талдауға жағдай жасайды.

Біз аталмыш курсқа қатыса отырып, педагогикалық білімімізді жетілдірдік. Сондай-ақ, жаңартылған білім мазмұнын жалпы білім беретін мектептерде ғана емес, қазіргі қоғам сұранысына сәйкесті маман даярлайтын жоғары оқу орындарында қолданудың қажеттігін түсініп, өз тәжірибемізге ендірдік. «Өмір бойы оқу» қағидасымен жұмыс жасайтын әр оқытушы үнемі өз біліктілігін арттыруға тырысары сөзсіз.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының бізді оқытқан педагогтарына ризашылығымызды білдіреміз.

 

Медешова А.Б.,

М.Өтемісов атындағы

Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің

информатика кафедрасының доценті,

педагогика ғылымдарының кандидаты

www.wmoodle.kz https://classroom.google.com Microsoft Teams, Zoom орталары 

Сауалнама - Анкета

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua