Ұстаздық қызмет – ұлы құрмет

Ұстаздық қызмет – ұлы құрмет

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп һәкім Абай атамыз бекер айтпаса керек-ті. «Шәкірттеріме білгенімді үйрету – парызым әрі мақсатым. Жан-жақты ойлай алатын білімді жас жеткіншектерді тәрбиелеу жолында өзімнің күш жігерім мен уақытымды сарп етемін» – деп өзіне серт беріп, ұстаздық жолды таңдаған жанның бірі – Меруерт Жолдықайырқызы Жолдықайырова.Бүгінде мерейлі 95 жасқа толып отырған Меруерт Жолдықайырқызы – 1924 жылы наурыз айында Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданы, Елтай ауылдық кеңесіндегі қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1932 жылы Жосалы совхозының Маркс (Қоңыр) ауылындағы 7 жылдық мектепке барып, 1939 жылы Жымпиты орта мектебінде оқуды жалғастырып, 1942 жылы бітіреді. Жымпиты орта мектебін тәмамдаған соң, қоғамдық жұмыстарға белсене қатынасып, 1941 жылы қыркүйектен бастап Жымпиты орта мектебінде аға пионер вожатый, бастауыш комсомол комитетінің хатшысы болады. 1942 жылы шілде айында совхоздарда саяси бөлім (политотдел) құру туралы КСРО-ның қаулысы шығып, 10-сыныпты бітірген бойда Тасқұдық совхозындағы парткомның комсомол жұмысы жөніндегі орынбасары етіп тағайындалады. 1942 жылғы қазан айынан бастап А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиет бөлімінде оқып, оны 1946 жылы бітіреді. Тасқа біткен қынадай қайсар, теңдікке көнсе де кемдікке көнбей, бардың емес, ардың құлы болып, оқи жүре әуелі I курста қаладағы №4 мектепте аға пионер вожатый, одан кейін 1943 жылдың мамыр айынан облыстық радио комитетінің әуелі қазақ тілінде жүретін хабардың дикторы, одан кейін редакторлық қызмет атқарған. 1959-1963 жылдарда Орал қалалық кеңесіне депутат болып сайланды. 1963-1969 жылдар аралығында Орал қалалық партия комитетінің Пленум мүшесі, қалалық партия жанындағы «Қалалық бақылау комитетінің» Президиум мүшесі, 1970-1980 жылдары А.С. Пушкин атындағы педагогикалық институттың бақылау комитетінің төрайымы болды. 1975-1978 жылдары филология факультетінің партия ұйымының хатшысы қызметін атқарды. 1976-1982 жылдары институттың партия комитетінің бюро мүшесі болды.Меруерт Жолдықайырқызының сан жылдар бойғы өз уақытын аямай, өзгенің бақтын аялаған үлкен жүректі ағартушылық-ұстаздық еңбегі орынды бағаланып, іскерлігі, білімдарлығы, адами қасиеттері ескерусіз қалған жоқ. 1970 жылы КСРО Жоғары және арнаулы білім беру министрлігінің грамотасымен, 1980 жылы «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, 1982 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет» грамотасымен, 1984 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 1992 жылы білім және педагогика ғылымы саласындағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Ы.Алтынсарин медалімен марапатталды. 1999, 2000 жылдары Білім және ғылым министрлігінің Ұлы жеңістің 55 жылдығына байланысты және Хабаршы №1- 2015ж. 324 жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге қосқан үлкен үлесі үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 1995 жылы «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне — 50 жыл» медалімен марапатталды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ұлағатты ұстаз қоғам өмірінен тыс қалған емес. Ол Батыс Қазақстан облыстық Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері кеңесінің Пленум мүшесі, 1996-2003 жылдары Батыс Қазақстан мемлекеттік гуманитарлық университетінің (қазіргі БҚМУ) Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлер кеңесінің төрайымы болды.Өнегелі еңбегімен, тындырымды ісімен және қарапайым да парасатты мінезімен үлкен абырой-беделге ие болған ұжымымыздың тәжірибелі, үздік маманы атанған Меруерт Жолдықайырқызын келіп жеткен туған күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке тілейміз!

                                                                                             М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымы

Сауалнама - Анкета

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua