МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Күз – айтулы мерекеге толы мезгіл. Жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісінде ұстаздар күні тойланады. Бүгінде бұл мамандықтың мәртебесі жоғары. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, бойына ізгі қасиеттерді дарытатын  ұстаздар қауымы  биыл да кәсіби мереке қарсаңында зор құрметке  ие болды.

Осы орайда Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде шәкірттеріне жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік  ұлылығын  бойына дарытқан мәртебелі мамандық иелеріне арналған салтанатты шара өтті. Кештің шымылдығы «Арна» би ансамблінің бишілерінің вальсімен бастау алды. Одан әрі университет ректоры Нұрлан Хабиболлаұлы, университеттің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Қажымұрат Мақсотұлы,  тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі  проректор Түймеш Малбағарқызы, кәсіподақ төрағасы Мерген Қуанышұлы  білім сапасын көтеруде абыройлы еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына ізгі тілегін арнап,  бірқатар ұлағатты ұстаздарды Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттармен марапаттады. Бар өмірін ұстаздық қызметке арнаған абыройлы жандарды шәкірттері де ұмытпақ емес. Кеш барысында LED экраннан алыс-жақын аймақтарда жүрген түлектердің құттықтаулары тыңдалды. Бүгінде ерен еңбектері еленіп, жоғары мәртебеге ие болған ардагер ұстаздар да мерекелік шараның төрінен табылып, құрметке бөленді. Бойдағы бар білім-білігін, күш-қуатын  шәкірт тәрбиелеу ісіне жұмсауды мұрат еткен жас мамандар ұлы қызметті абыроймен атқаратындарына серт беріп,  ұстаздарға гүл шоқтарын табыс етті. Сондай-ақ, кеш барысында  Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Айбар Хайырханов «Ұстазым», вокал кафедрасының оқытушысы Адиет Қаратаев «Ұстаздарға арнау», магистр, ұстаз Гүлмирам Қуанышева  «Сильные люди», «Мәдениет саласының үздігі»  Ақмарал Ахметова «Озорение», халықаралық конкурстардың лауреаты  Тарас Жауынбаев «Гауһартас» әндерін  шалықтата шырқаса, «Асем-ай» би ансамблінің бүлдіршіндері биден шашу шашып, ұстаздар қауымына  көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік кеш естелік суретке түсумен өз мәресіне жетті.

Үстаз 1Ұстаз 3

 

                                                                                                                                                                                         Азиза СУЙНШКАЛИЕВА

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua