Жастарды жігерлендірген жүздесу

Бүгін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «БҚО Жаңа толқыны» Жастар қоғамдық бірлестігі қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Жастар жалыны» атты мотивациялық кездесу ұйымдастырды. Осы бағытта еркін форматта өткен ашық алаңға өңіріміздің жалынды жастары мен студенттері қатысты.

Қазіргі таңда жастарға мотивациялық кездесу өткізу кең өріс алып келеді. Қызмет пен кәсіпте белгілі бір жетістікке жеткен тұлғалардың өмірі жастарға болашақта дұрыс қадам жасауға маңызды рөл атқарады.

Шараның басты мақсаты – жастарға бағыт-бағдар нұсқай отырып, ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеу, бизнес пен қызметте жетістікке жеткен тұлғалардың шығармашылық және еңбек жолымен танысу.

Алғаш боп сөз алған спикер Олжас Сүлейменов адам бойында жетістікке жету үшін жақсы мінез болуы керек деп есептейді. Ол «Global Procurement» компаниясының негізін қалаушы, «Дарын» лауреатының жүлдегері, БҰҰ эссе байқауының жеңімпазы.

– Адамның ең үлкен мотивация алатын дүниесі – өзінің өмірлік тәжірибесі мен қателіктері. Шетелде жұмыс жасап жүріп, біраз нәрсені ұқтым. Адам дәл қазіргі уақытта қолмен емес, мимен жұмыс жасауы қажет, – дейді ол. Сондай-ақ, жастарға шарада «Мария – ханым» сән үйі отбасылық фирмасының басқарушысы, «Винтаж» дизайн-студиясының иесі, «Zhuldyz Pro» модельдік студиясының директоры, өңірімізге танымал сәнгер Жұлдыз Хұспанова мен белсенді азаматтық ұстанымы бар қоғам қайраткері, бизнес кеңесшісі Арман Рысқалиев кәсіп бастау, жетістікке жету жолдары мен өмірлік тәжірибелерін әңгімелеп берді.

Нұр-Сұлтан қаласынан осы кездесуге арнайы келген Динара Агалиева төрт жылда 25 елге саяхат жасаған жиһангез. Өңіріміздің тумасы, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың түлегі Динара қазіргі уақытта қазақтілді блогерлердің көш басында.

Балалық арманы мақсатқа айналып, әлем елдеріне саяхат жасаған жиһанкез ару өз авторлық турларын ашқан. Сонымен қатар спикер өзінің тұлғалық даму мектебін қалыптастырып үлгерген.

– Бүгінгі форум мотивация алу үшін ұйымдастырылып отыр. Қазір – білім алатын уақыт. Сонымен қоса, заман ағымына ілесе отырған жөн. Мен – психолог-консультат әрі блогермін.Тұлғалық қалыптасудың негізі – дұрыс жазу мен дұрыс сөйлей білу. Сондықтан, әлеуметтік желіде халыққа жақын болып, өтімді дүниелер ұсынып отырамын, – деді Динара Болатқызы.

Форум барысында қатысушылар спикерлерге көптеген сауалдарын жолдады. Жақсылардан тәлім болған бүгінгі кездесу жастарға мақсат қою мен алға ұмтылу үшін жаңа әрекеттерге бастама болады деп сенеміз.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

 

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua