Студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды

Мемлекет басшысының "Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" Жолдауында көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында, сондай-ақ "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ректоры б.ғ.к., қауымдастырылған профессор Н.Х. Сергалиевтің бастамасымен студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды.

СҚКО жұмысының мақсаты: қызмет көрсету стандарттары негізінде "жалғыз терезе" қағидаты бойынша оқу-білім беру процесінің жедел және сапалы қызмет көрсету, функциялардың қайталануын жою, ашықтық, тиімділік болып табылады.

Міндеттері:

* жоғары сапалы және тез студенттік қызмет көрсету;

* оқу үрдісінің жұмыс істеуін жақсарту;

* барлық мәселелер бойынша студенттерді қолдау;

* оқу процесін басқарудағы студенттің рөлін арттыру;

* студенттің сұранысы бойынша толық ақпаратты ұсыну;

* университеттің нормативтік құжаттарындағы жаңалықтарды және өзгерістер туралы студенттерге хабарлау.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарттарымен реттелген оқу үрдісі бойынша келесідей қызметтер көрсетеді: транскрипт, академиялық анықтама беру, оқу пәндеріне тіркелу, оқу пәндеріне қайта тіркелу, пән кредиттері мен пәндерін қайта есептеу, нақты студент туралы сұраныс бойынша жауап хат беру, құжаттарының көшірмелерін беру, жазғы семестрге тіркеу, студенттер мен ПОҚ-на кеңес беру, GPA көрсеткіштерін анықтау. Әскери есеп қызметтері: тіркеу, тіркеуден шығару, анықтама қосымша № 3. Бухгалтерлік есеп қызметтері: Шәкіртақы, білім алушылардың іс-сапары, ақылы оқыту, жатақхана мәселелері. Төлқұжатшы қызметі : тіркеу, тіркеуден шығару, анықтамалар беру.

Бір уақытта студенттерге бірнеше терезелер қызмет көрсете алады. Қызмет көрсету электрондық кезек тәртібімен жүзеге асырылады. Бір студентке қызмет көрсету уақыты қызмет көрсету стандартына сәйкес қатаң регламенттелген. Қажетті қызметті алу үшін электрондық кезек талонын алу және күту залына өту, содан кейін экранда жарияланатын және жазылған терезеге өту қажет.

Студенттерге қызмет көрсету орталығында ақпараттық-консультациялық көмек көрсету қызметтері қолжетімді болады. Ол үшін "Reception" жұмыс істейді. Мұнда дайын анықтамалар мен транскриптерді беру жүзеге асырылады.

СҚКО-да қызметті әдіскерлердің көмегіне жүгінбей-ақ өз бетінше алуға болады. Ол үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді. Анықтама немесе транскрипт алу үшін жеке деректерді көрсетіп, өтініш қалдыру қажет.

Өтінім бағдарламасы арқылы да қабылданады. Кез-келген студент бағдарламасына жеке логин паролімен кіріп, жеке кабинетке еніп, өтінімдер деген бастырманы басып, өтінім беру қызметін таңдайды.Өтінім беруші туралы және өтінім бойынша мәлімет парақшаларын толтырады. Жеке куәліктің скан үлгісін жүктейді. Өтінім беру бастырмасын басып жібереді немесе сақтап қояды. Осыдан кейін жеке поштасына өтінім қабылданған туралы хабарлама келеді.

Орталықтың дамуымен көрсетілетін қызметтер тізбесі 20-дан астам қызмет түрлері алдағы уақытта кеңейтілетін болады.

Студенттерге қызмет көрсету орталығының ашылуы университет өміріндегі маңызды оқиға болып табылады. Білім алушылар үзіліс кезінде орталыққа келіп, барлық қажетті құжаттар мен анықтамаларды ала алады. Оны құру білім алушыларға ұсынылатын қызмет көрсетудің мәдениеті мен сапасын арттыруға ықпал етеді.

Студенттерге қызмет көрсету орталығы – білім алушылардың әлеуметтік маңызы бар қызметтерді алуға жұмсайтын уақытын азайтуға, қызмет сапасын түбегейлі жаңа деңгейге көтеруге, студенттердің мәселелерін тиімді және жедел шешуге, "университет – студент" өзара іс-қимыл жүйесіндегі тосқауылдар мен сыбайлас жемқорлық қатерлерін жоюға бағытталған.

 

Студенттерге қызмет көрсету орталығының жетекшісі Кдиргужина Э.М.

 

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua