Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

bkmu7

 

2019 жылдың 2-қыркүйегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа алғаш рет Жолдау жасады. Президентіміз Жолдауда 5 реформаға тоқталды. Осы 5 реформамен елдегі барлық мәселелер талқыланып, шешімін тапты десе де болады. Президенттің айтуынша, елімізде алдағы 3 жылда тың өзгерістер орын алады. Атап айтқанда, экономиканы дамыту, яғни шағын және орта бизнес, микробизнесті қолға алушы азаматтарға мемлекеттен қолдау болатындығы айтылды. Бұл бизнес бастағысы келетін қарапайым халыққа таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Себебі, көптеген адамдар мемлекеттік қызметтен алған жалақыларына керек-жарақтарымен қамтамасыздана алмайды. Көп балалы отбасыларға да материалдық жағынан қиынға соғады. Жастар не ересек қауым өкілдері өздері ұнатқан іспен айналысып, содан пайда тапқысы келеді. Бірақ кез келген бизнесті ашу үшін, бастау үшін қаржы керек екені белгілі. Ал бұл орайда мемлекеттен берілетін қаржылай көмек бизнес бастағысы келетін адамдарға керемет мүмкіндік. Сонымен қатар, игерілмей қалған жерлерді игеру, ауыл шаруашылығын дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу, халықты жұмысқа тарту қолға алынбақ.

Ғылым-білім мәселесіне ерекше назар аударылды. Жастарды ғылымға тарту, болашақта маңызды рөл атқаратын жасанды интеллект, ғылыми жетістіктерге қол жеткізу керектігін атап көрсетті. «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жандандыру алға қойылды. Қазіргі таңда ауылдағы мектептерде білім сапасы төмен. Себебі, ауылдық жерлерде оқытатын кәсіби мамандар аз екендігі белгілі. Осы ретте «Дипломмен ауылға» бағдарламасының маңызы зор. Көптеген білікті мамандар ауылға барып, білім берумен айналысса және қала мен ауылдағы мектептер бірдей техникалық жабдықтармен жабдықталса, бұл еліміздің ауылдық жерлерінде білім жағдайын көтеруге үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Президент инфрақұрылымды дамыту, халықты баспанамен қамтамасыз ету, салық жүйесін жақсарту, азамат қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық келісімді нығайту сияқты маңызды мәселелерге жеке тоқталды. Өзекті мәселелерді шешуге шақырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің жағдайын жақсартуға және дамытуға бағытталған Жолдауы халық көңілінен шықты деп ойлаймын.

 

Айнара Кабибуллина,

«Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығының 3-курс студенті.

ҚР Тұңғыш Президенті атындағы атаулы шәкіртақы иегері

 

ЖОЛДАУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

М.Өтемісов атындағы БҚМУ ұжымы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» аталатын келелі мәселелер көтерілген Қазақстан халқына жолдауын тыңдап, талқылады. Жаңғырудың жаңа кезеңінде әлеуметтік саланы жаңғыртудың маңыздылығын ескерген Президент осы саладағы басым бағыттарға мән беру қажеттігін айтып өтті. Білім беру сапасын жақсарту мақсатында Елбасы жастар арасында жұмыссыздық мәселесін айқын көтерді. Жыл сайын мектеп түлектерінің кәсіби және арнаулы оқу орындарына түсе алмау көрсеткішінің артуы олардың теріс жолға түсуіне себепші болатынын айтты.

Білікті педагог кадрлардың тапшылығын жою мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру қажеттігін де жеткізді.

Ел Президенті жоғары білімнің сапасына жеке тоқталды. Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отырғанын баса айтқан болатын.

2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсетіндігі бүгінгі студент, болашақ педагог мамандарды қуантары анық. Жолдауда айтылған осы және өзге де мәселелер бойынша университет ректоры Нұрлан Серғалиев, оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Әсет Тасмағамбетов, факультет декандары, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер пікірлерін айтып, ой бөлісті

 

Міндетіміз ‒ еңбек

bkmu6

 

Ақпаратпен толық қамтылған заманда күнде жаңалықтың түр-түрін қабылдап отырамыз. Жаңалықтар жақсы да, жаман да. Бірақ адам баласы болғандықтан ойымызда жағымсыз хабарларды сақтап, сол себепті күйзеліске түсіп те жатамыз. Мысалы, сан себепті өлімдер, зорлық, адам құқығына қол сұғу, табиғатқа залал келтіру, жер мәселесі, зейнетақы мен басқа да жәрдемақыларға байланысты жанжалдар... Бәрі-бәрі халықтың көңіліне күдік ұялатып, көкейінде сұрақ тудырған жаңалықтар. Сұрақ туындағандықтан жауап та беру қажет. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы 2 қыркүйек күні халыққа сол сұрақтардың жауабын берген болатын. Мемлекет басшысы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жүргізген саясатты сақтай отырып жаңа реформалар енгізіп отыр. Мақсаты – халық тұрмысын жақсарту. Шынында да қуантарлық өзгерістер баршылық. Кең-байтақ жеріміз тек өз халқымыздікі, зейнетақы қорларын қажетінде өз кәдемізге жарата аламыз, кәсіпкерлердің салықтан үш жылға босатылуы, мемлекеттің көп балалы отбасыларға көмек көрсетуі, ауылдарды жандандыру т.с.с. Мәселен, білім саласындағы өзгерістер келешек ұстаздарды даярлап отырған біздің оқу орнымызға да тікелей қатысты. Мектеп мұғалімдерінің жалақысын өсіру ‒ педагогтар үшін жаңа мотивация. Оның бәрін жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен көлемді қаражат жұмсалатыны сөзсіз. Елімізді бірқатар өзгерістер күтуде. Оған қарапайым қызметкерден бастап басшыға дейін барлығымыз жауаптымыз. Біз, жастар, әсіресе студенттер, білім алуға берілген мүмкіндігімізді дұрыс пайдаланып, еліміздің, халқымыздың, ұрпағымыздың болашағы үшін патриоттық позицияны тік ұстап, тек нық қадаммен ілгері адымдаймыз. Ол үшін дипломы бар маман атанып қана қоймай, оған анализ жасап, саралап, түсініп, пайдаға асырып, адал еңбек етуіміз қажет. Сондықтан, «оқы, оқы және оқы», еліміздің жастары!

 

Сая ДУЙСЕНБАЙ,

Шет тілі: екі шет тілі мамандығының 4-курс студенті, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы атаулы шәкіртақы иегері

 

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ - ЕЛ ЕРТЕҢІНІҢ КЕПІЛІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2 қыркүйек күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына ел басқару ісіндегі алғашқы Жолдауын жариялады. Жолдау кезінде Мемлекет басшысы 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлерді қысқартып, мұғалімдердің жалақысы 25%-ға өсетіндігін еске салды. Жолдауда қаралған тағы бір үлкен мәселе − бағаның тұрақсыздығы. Киім-кешек пен азық-түліктен бастап түрлі қызметтерге дейін бағаның аспандап тұрғаны жасырын емес. Әуе билеттерінің өте қымбат бағада сатылып, соның салдарынан біздің авиакомпаниямыздың бәсекеге қабілеттілігі төмендеп бара жатқандығын мәлімдеп, есеп комитетіне бұл тұрақсыздықты жеделдетіп жоюды тапсырды. Бұдан бөлек билік өкілдеріне шағын және орта бизнесті үш жылға салықтан босату, жер мәселесін шешу, полиция қызметкерлері мемлекеттің емес, халықтың мүддесін қорғауы сынды үлкен мәселелерді қолға алуды міндеттеді. Қазіргі қоғамда белең алып жатқан жемқорлық, зорлық-зомбылық және браконьерлерді қатаң жазаға алуға байланысты жаңа заңнамалардың енгізілетіндігі көптің көңілінен шыққаны анық.

 

Жеңісгүл БӨЛЕКБАЕВА,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ҚТӘ-33 тобының студенті,

ҚР Президенті атындағы атаулы шәкіртақы иегері

 

БІР МЕМЛЕКЕТ, БІР МАҚСАТ, ОРТАҚ МҮДДЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жариялады. Бұл жолдау халықтың әлеуметтік жағдайын, өмір сапасын жақсартуға және елдің өркендеуі мен кемелденуіне бағытталған. Президентіміздің алға қойған мақсаттары барлық саланы қамтып, елдің алдағы стратегиялық жағдайының өсуіне бағдарланған. Мемлекеттің негізі - қарапайым халық, сондықтан да бұл Жолдауда әр тұрғынға ерекше көңіл бөлініп, көптеген мүмкіндіктерге жол ашылған.

Биылғы жыл «Жастар жылы» болып жарияланғаны бәрімізге мәлім. Ендігі алдағы жылдың «Волонтер жылы» болып жариялануы біздің мемлекетіміздің жастарға көп көңіл бөлетінін көрсетеді. Әрине, мен студент ретінде бұл бастамалардың әрі қарай жалғасын тауып, болашақта жастарды қолдау мақсатында түрлі шаралардың көбейе бергенін қалаймын. Осы орайда, Мемлекет басшысы жыл сайын оқуға түсе алмаған түлектердің қылмыстық әрекеттер мен экстремистік ағымдардың жетегінде кетпес үшін мұғалімдерге оқушылардың қабілетін, бейімін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беруді тапсыруы дұрыс шешім деп есептеймін. Сонымен қатар, орта білім беру ұлттық стандарттың негізі болуы тиіс деген тұжырымы да мектеп оқушыларының сапалы білім алуына үлкен мүмкіндік береді. Әрине, бұл жағдайда ұстаздардың да еңбегі елеусіз қалмай, алдағы 4 жылдың ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есеге көбейту туралы шешімнің қабылдануы үлкен серпіліс береді.

Қорыта келе, Жолдауда айтылған басым бағыттарды әр қазақстандық өз салалары бойынша жүзеге асыру мақсатында жұмыс жасаса, еліміздің тез көркеюі мен гүлденуі жолында зор жетістіктерге бірге жете аламыз деп сенемін. Себебі, бұл - біздің мемлекетіміз, біздің мақсатымыз, ортақ мүддеміз.

Альбина ЕЛЕУСИНОВА,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ Тарих, экономика және құқық факультеті,

«Экономика» мамандығының 3-курс студенті

 

Президентіміздің халқына тұңғыш жолдауы

bkmu5

 

Отыз жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады. Осы уақыт ішінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды. Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігіміздің нығайып, халқымыздың жағдайы жақсарып келе жатқанына көз жеткіздік.

Еліміздің жаңа Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жолдаумен өз қызметіне қадам басты. Осыдан-ақ жолдаудың маңыздылығы мен ауқымдылығын аңғаруға болады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған жолдауында мемлекетіміздің дамуына қатысты аса маңызды факторларға тоқталды. Біріншісі – заман талабына сай мемлекет құру. Осы мақсатқа жету үшін халықпен байланыс орнатып, қоғамдық келісімді нығайту керек. Екіншісі – азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Үшінші – қарқынды дамыған және инклюзивті экономика. Бұл қағидатқа шағын және орта бизнесті қолдау, оның тиімділігін арттыру, ұлттық бизнеске халықаралық нарықтарда қолдау көрсету, агроөнеркәсіпті дамыту, ұлттық қорды тиімді пайдалану мәселесі жатады. Бесінші – әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі, яғни білім беру сапасын жақсарту, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету және де әлеуметтік көмек көрсету жүйесі мен зейнетақы жүйесін дамыту.

Саяси реформаларды кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыру керек. Еліміздің алдағы уақыттағы басты қағидаты – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет».

Жолдау халқымызды толғандыратын барлық мәселелерге тоқталды. Президентіміз ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артады. 2019 жыл – жастар жылы. Бізге, қазақ жастарына зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Осы жауапкершілікті еш мойымай, үлкен мақтанышпен алып жүруге тырысамыз және халқымыздың сенімін ақтаймыз.

Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Еліміздің жаңа қадамдары әлі алда!

 

Меруерт ЗУПАРОВА, ПиМНО-31 тобының студенті

СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ

Жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа алғашқы Жолдауын жолдады. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді, әрі орнықты мемлекетке айналғанын тілге тиек ете отырып,  елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару үшін  Елбасы   саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе алатынымызды алға тартты.

Жолдауды 5 тарауға бөлген ҚР Президенті: «Мықты президент – беделді парламент – ісіне есеп беретін үкімет – мемлекеттің тұрақтылық формуласы» деп атап көрсетті. Президенттің пайымдауынша, Қазақстан билігінің басты мақсаты – азаматтардың талабына дер кезінде құлақ түретін мемлекетке айналу.

Жолдауда қозғалған үлкен мәселелердің бірі – мұғалімдердің еңбекақысын екі есеге көтеру, яғни 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25%-ға артады. Болашақ мұғалім болғандықтан Президентіміздің бұл бастамасын толықтай қолдаймын. Қазіргі кезде мұғалімнің статусы айтарлықтай жоғары деңгейде емес, осы себептен көптеген жастар мұғалім мамандығынан шеттеп жатады. Бұл бастама жас мамандар үшін үлкен мотивация болатынына сенімім мол. Осы тақырыпқа орай  «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын» - деді Президент. Бұл дегеніміз ауылдық аймақтардағы мұғалім тапшылығын шешудің бірден-бір жолы деп есептеймін.

Молдир Даулетова,

Филология факультетінің 4-курс студенті

 

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua