Өлкетану әдебиетіне қатысты жаңа монография жарық көрді

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың «Рухани жаңғыру» институтының ұйымдастыруымен «Әдеби өлкетану: қоғамдық сананы рухани жаңғырту» атты монография мен хрестоматияның тұсаукесері өтті. Оған профессор-оқытушылар, өлкетану зерттеушілері, журналистер мен еңбек ардагерлері қатысты.

kitap (3)

«Рухани жаңғыру» бағдарлама аясында жарық көріп отырған ғылыми еңбектің авторлары – университеттің филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев және магистр Жангүлім Мұханбетова. Хрестоматияны құрастыруға PhR философия ғылымдарының докторы Айдарбек Ақболатов атсалысты. Монографияда ХХ және ХХІ ғасыр басындағы Орал өңірі ақын-жазушыларының шығармашылық мұрасы қамтылған.

Аталған институт директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев бүгінгі басқосудың мән-маңызы зор екенін, еліміз бойынша тұңғыш ашылған «Рухани жаңғыру» институтының жұмысы жөнінде қысқаша баяндады.

– ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2018-2020 жылдарға арналған грант қаржысын ұтып алған филология ғылымдарының доценті, профессор Зейнолла Мүтиев бастаған топ ғылыми жобаны тыңғылықты атқаруда. «Қоғамдық сананы рухани жаңғырту» атты монография әдеби өлкетану бағытын ғылыми-әдістемелік негізде жандандырып отыр. Монографияны оқу бағдарламасы талабына сай кеңінен қолданысқа енгізуге болатын тәрбиелік маңызы зор еңбек деп бағалаймыз, -деді М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағанбетов.

Шарада Қазақстан жазушылар одағының БҚО-дағы филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева сөз алды.

kitap (6)

– Ақ Жайық өңірі ақын-жазушыларының қазақ әдебиетін өркендетуге қосқан үлесі ұшан-теңіз. Тайыр Жароков, Қадыр Мырзалиев, Хамза Есенжанов, Қажым Жұмалиев сынды туған өлке тұлғаларын зерделеу ілгерілеу басталды. Бірақ есімі ескерусіз қалған қаламгерлердің де шығармашылығын жаңғыртып, әдеби мұраларын жарыққа шығару – игі мақсат. Қазіргі кезде барлық салада цифрландыру қарқынды жүргізілуде. Сматрфоннан «Әдебиет» порталындағы зерттеу еңбектері мен ақын-жазушылардың жаңа туындыларын оқып отырамыз. Сондықтан монографияны насихаттау өңір деңгейінде қалмай, жаңа технологиямен еліміздегі ғалымдар мен әдебиет зерттеушілері және оқырмандар назарына ұсыну жолын қарастыру керек, – деді Ақұштап Бақтыгереева.

БҚМУ-да ұзақ жыл еңбек еткен,ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы медалінің иегері Меруерт Жолдықайырова мен соғыс ардагері Қалам Сүйінішәлиев өлкетану бағытында зерттеу аясын кеңейткен монографияның жарық көреуіне үлес қосқандарға ризашылығын жеткізді. Ғылыми еңбекте шығармашылығы қамтылған авторлар туралы естеліктерімен бөліскен ардагер-журналист Тихон Әліпқалиев «Жұбан Молдағалиев пен Сағынғали Сейітов, Жәрдем Тілеков туралы бірер сөз» айтса, ақын Айтқали Нәріков «Боранғали Ырзабаев – өлең сөзде орны бар ақын», тарихшы-ғалым Сайлау Сүлейменов «Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков шығармашылығын тану туралы», БҚМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев «Берқайыр Аманшин шығармашылығындағы Әбілқайыр хан, Махамбет бейнесі хақында» ой толғады. Шәңігерей Бөкеев, Ғұмар Қараш мұраларының зерттелу жайына тоқталған Қазыбек Қабжан әдеби өлкетануды тарихи деректермен қатар қаузауды ұсынса, Абдолла Жұмағалиев туралы сыр шерткен тележурналист Мұнайдар Балмолда ақынның мәйітін табу, басына белгі қою мәселесіне назар аудару қажеттігін айтты.

– Әдеби-аймақтық зерттеу аясында жан-жақты деректер іздедік. Былтыр басталған ізденіс нәтижесінде монографияға 12 ақын-жазушы шығармашылығын енгіздік. Олардың арасында тұтас бір кітап арнауға болатын тұлғалар болды. Монография көлеміне сай шектелуімізге тура келді. Бірақ басты мақсат орындалды. Зерттеу нысанасын тәуелсіз еліміздің, қазіргі ұрпақ көзқарасына сай бағамдадық. Ғылыми еңбектің жарық көруіне қолдау танытқан университет басшылығына, әріптестеріме рахмет айтамын. Жоба ауқымында зерттеу жалғасады. Биыл 14, келесі жылы 20 ақын-жазушының шығармашылығын қамтимыз. Алғашқы жарияланымда Халима Өтеғалиева, Сағынғали Сейітов, Боранғали Ырзабаев сынды есімі елеусіз қалып жататын ақындардың туындылары талданды. Басқосуға қатысқандардың ұсыныс-пікірлерін ескереміз. Алдымызда өлке әдебиетін негізін қалаушылар туралы тың деректер табу міндеті тұр, - деді монография авторы Зейнолла Мүтиев.

Айта кетейік, ғылыми жоба жетешісі, БҚМУ доценті, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Зейнолла Жақсылықұлы – 200-ден астам ғылыми-зерттеу, педагогикалық-әдістемелік еңбектің, оқу құралдары мен бағдарламалардың авторы.

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

kitap (2)kitap (4)kitap (5)

 

 

 

 

 

 

Мақалаға сілтеме

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua