Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде сараптама кеңесінің отырысы өтті

2019 04 10 foto-rafkhata-khalelova-135Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Қоғамдық сана жаңғыруы бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік комиссия жанындағы сараптама кеңесінің отырысы өтті. Жиынға сараптама кеңесінің мүшелері, жобалау офисінің қызметкерлері және ғалымдар қатысты. 

Кеңесті кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырған БҚМУ ректоры Н.Серғалиев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына екі жыл болғанын, осы аралықта бірталай игілікті іс атқарылғанын айтып өтті.

- Еліміздің қоғамдық өмірінде ерекше орын алған бағдарламалық мақала 2017 жылы 12 сәуірде жарық көрді. Сол уақыттан бастап Бағдарламаны орындау бойынша қоғамда көлемді және жан-жақты жұмыс басталды. «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында облысымыздан 7 тарихи орын ұлттық деңгейдегі нысандар қатарына қосылып, Ақ Жайық өңірінде ауқымды істер атқарылды. Оның бәрі халықтың ілтипатына ие болды. Қасиетті орындардың қатарына енген – ортағасырлық Жайық қалашығы, әйгілі Бөкейліктегі Хан ордасы, Жәнібек ауданындағы Ғұмар Қараш зираты, Сырым ауданындағы «Дәдем Ата-Жұмағазы хазірет» кесенесі, Жымпитыдағы Алаш музейі, Теректі ауданының аумағынан табылған «Тақсай ханшайымы» - бүкіл еліміздің мақтанышына айналды, - деді Нұрлан Хабиболлаұлы.

Ақжайық өңірінде өңегелі істер қатарында күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының ЮНЕСКО көлеміндегі 200 жылдық мерейтойына орай «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» атты халықаралық ғылыми экспедициясын, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ұйымдастыруымен жорыққа аттанған «Индер – Орал өңірінің болашағы зор геобағы» және «Хан бөгеті» атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедицияларын атап өтуге болады.

Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негіздерін білім алушыларға оқу үрдісі арқылы жеткізу және ғылыми сараптамалық-талдау жұмыстарына жас ғалымдар мен магистранттарды кеңінен тарту үшін, олардың ғылыми-танымдық көкжиегін кеңейту мақсатында арнайы оқу бағдарламалары (элективті курстар) даярланды. Мысалы, «Қоғамдық сананың философиялық-ұлттық негіздері», «Өз туған өлкесінің жағрафиясын зерттеу», «Қазақ жазуының тарихы» элективті оқу курстары табысты өтуде. Өңір басшысы Алтай Көлгінов Орал қаласында 2019 жылы халық батыры Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына ескерткіш бой көтеретіндігін тікелей эфирде өткен «Әкім сағатында» жария етіп, көптен көтеріліп келе жатқан мәселеге нүкте қоятынын айтқан болатын.

20190410154119 96689Жиында Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев «Ұлттық сана: жаңғыруға ұмтылыс – жарқын болашаққа бетбұрыс» атты баяндама жасады. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ғылыми бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр рухани жаңғыру шараларын жүзеге асыру кезінде кездескен келеңсіздіктерге де тоқталып, соңғы кезде жүйеге түскен жетістіктер туралы айтты.

Сараптама кеңесі отырыс соңында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» Бағдарламасынан және оның заңды жалғасы «Ұлы Дала жеті қыры» Бағдарламасынан туындайтын міндеттерге орай Батыс Қазақстан облысында іске асырылатын жобалар мен іс-шаралардың тізіміне толықтырулар енгізу туралы шешім қабылдады.

- Өткен екі жыл ішінде Батыс Қазақстан облысының барлық аудандары мен Орал қаласында орналасқан орта және жоғары оқу орындары, баспасөз құралдары мен азаматтық институттар, кәсіпорындар мен мекемелер, қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар, Сараптама кеңесі мен Жобалау офисінің жұмыстарын бір арнаға тоғыстырып, нәтижелі жұмыс атқаруға қолдау көрсеткен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыруда Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің, облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың ұйымдастырушылық рөлі жоғары болды, - дейді БҚМУ ректоры Н.Серғалиев.

 

Мақалаға сілтеме

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua