Университеттегі «оазис»

DSC 0128М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың «Биология және экология» факультетінің ғимаратында қызғалдақтар жайқалып өсіп, тропикалық көбелектер ұшып жүр.

Махаон тұқымдасына жататын көздің жауын аларлық көбелектерді аталмыш факультеттің аға оқытушысы Әлия Жароеваның жетекшілігімен 4-курс студенті Ержан Ақберлиев Астана қаласынан «қуыршақ» күйінде алдырып, өсірген. Индонезия, Малайзия елдері мен Ява аралдарында кездесетін кабыршақ қанаттылар тұқымдасы ылғалды және ауа температурасы 270 ыстық аймақтарда өмір сүреді екен. Қос қанатын жайғанда ұзындығы 10-15 сантиметрге дейін жететініне куә болдық.

– Дипломдық жұмысымның тақырыбы – «Көбелектерді лабораториялық жағдайда өсіру». Соған орай алғашқы тәжірибемді жетекшімнің көмегімен жасадым. Көбелектерді «қуыршақ» күйінде алған соң алғашында құтыға салып, мейлінше тропикалық климат жағдайын туғыздық. Яғни тропикалық аймақтарда кездесетін шағын тастарды алдырдық. Тастарға су сеуіп, ылғалды ауаны сақтаймыз. Егер ауа ылғалды болмаса, бұл көбелектердің желкені шытынап сынып, ұша алмайтын жағдайға түседі екен. Үй жағдайында да өсіруге болады. Оларды жемістің табиғи шырыны, су араластырған балмен қоректендірдім. Тамақтанар алдында тұмсығымен жер шоқи бастайды. Адамдарды «жатырқамайды». Қолдан-қолға ұшып жүре береді, – дейді Ержан Ақберлиев.

DSC 0125Бұл тропикалық көбелектер үш-жеті күн аралығында өмір сүреді екен. Сол уақытта жұмыртқа да салып, гүлдерді тозаңдандырып та үлгеретін көрінеді.

– Қазір табиғат тепе-теңдігін сақтаушы көбелектердің азайып бара жатқаны жасырын емес. Астана қаласында көбелек өсірумен айналысатын әжеден бес дана көбелекті 20 мың теңгеге сатып алдық. Лабораториялық жағдайда тропикалық көбелектерді алғаш өсіріп отырмыз. Нәтиже жаман емес. Көктем шыға, жергілікті көбелектерді дернәсіл күйінен бастап бақылауды жоспарлаудамыз, – дейді Әлия Ғинаятқызы.

 

513404bc-73e4-4f9f-99cb-e704de73b3ea-481x720Сондай-ақ аталмыш факультеттің «Биология және экология» кафедрасында голландық қызғалдақтың алуан түрі жайқалып тұр. Оны сол кафедраның аға оқытушысы Жаннат Қажымұратованың жетекшілігімен шәкірті Ертілек Наурыз Орал қалалық №5 орта мектептің жылыжайында өсіруде екен. Жанат Сәнкібайқызының айтуынша, бұлар голландиялық сортқа жататын T. Kingsblud, T. Monsell a, T. Renoun, T. Purple Prunce түрлері екен. Ерекшелігі, олардың гүл келтелері 10 сантиметрден кем емес және түстері әр түрлі болып келеді.

– Жалпы, облысымыздың климатына орай қызғалдақтың Tulipa blflora, T. patens, T. vartricolor, T. geshneriana түрлері өседі.

 

Алғаш рет дүкен сөрелерінде сатылмаған, өңірімізде өспейтін түрлерін лабораториялық жағдайда өсірдік. Пиязшықтарының салмағы 25-30 грамм аралығында. Олардың бір данасын 150 теңгеден сатып алдық. Оны төрт сағаттай марганец ерітіндісімен өңдеп, өткен қазан айында 3-50 жылы температурада «ұйықтаттық». Содан соң жылыжайға отырғызып, қазір нәтижесін көрудеміз. Бұл алғашқы тәжірибе болғандықтан, бір түп қызғалдаққа жарық, су, ылғал қанша мөлшерде керек екенін зерттедік.

44cd20aa-df22-4c07-80b1-fd1382a066ea-481x720Болашақта екі мың данадай өсіргіміз келеді, – дейді Жанат Сәнкібайқызы. Оның айтуынша, қызғалдақ түстерінің әр алуан болуы гибридтердің пигментациясына байланысты екен. Яғни голландықтар еліміздегі қызғалдақтардың сорттарын будандастырып, көздің жауын аларлықтай қызғалдақтар шығарады.

Университеттің «оазисіне» айналған бұл факультетте әлі талай жаңалықтар ашылып, болашақ ғалымдар тәрбиеленіп шығатынына сенімдіміз.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Мақалаға сілтеме

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua