Махамбет университетінің түлектері қос диплом алады

 05032019smiМахамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Н.Г.Чернышевский атындағы Саратов ұлттық зерттеу мемлекеттік университеті арасында қосдипломды білім беру саласындағы инновациалық-білім беру консорциумы құрылған болатын. Жақында екі университет басшылары бакалавриат пен магистратураның қос дипломды білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Инновациалық-білім беру консорциумы 2018 жылы 26 сәуірде құрылған еді. Ол бойынша қос дипломды білім берудің екі бағыты – филология (бакалавриат пен магистратура) және психологиялық-педагогикалық білім беру (магистратура) бойынша ынтымақтастыққа уағдаласқан болатын. Жақында БҚМУ-дың оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмагамбетов, қос дипломды білім беру бөлімінің жетекшісі, техника ғылымдарының докторы, профессор Ғали Ғұмаров, филология факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты Әскен Мұханбетқалиев, педагогика және психология кафедрасының доценты, тарих ғылымдарының докторы Нұрия Әделбаева, орыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Умаровалар іссапарда болып қайтты.

Іссапар бағдарламасы бойынша Саратов мемлекеттік университеті (СМУ) ректоры, профессор Алексей Чумаченко БҚМУ делегациясын қабылдап, бакалавриаттың және магистратураның қос дипломды білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Іссапар аясында «Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ мен Н.Г.Чернышевский атындағы СМУ арасында қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асырудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті. Мәжілісте оқу үдерісіне қос дипломды білім беру бағдарламаларын енгізу бойынша жол картасының жобасы әзірленіп, мазмұны талқыланып, орындау мерзімі, жауапты тұлғалары анықталып, әрбір шараның аяқтау түрі белгіленді. Дөңгелек үстел соңында жол картасына басшылық құрам қол қойып, ресми түрде бекітті.

- Махамбет университетінің өкілдері СМУ кафедраларындағы әріптестерімен арнайы кездесіп, магистратура мен бакалавриаттың нақты пәндері бойынша оқу жоспарларының жобасын әзірледі. Осы оқу жоспарлары ЖОО ғылыми кеңестерінің отырысында бекітіліп, 2019-2020 оқу жылынан бастап іске асырылатын болады, - дейді Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың қос дипломды білім беру бөлімі жетекшісі, техника ғылымдарының докторы, профессор Ғали Ғұмаров.

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан 

 

Мақалаға сілтеме

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua