БҚО-да студенттерді жатақханамен қамту мәселесі шешімін табуда


til

Биылғы Жолдауда студенттерді жатақханамен қамту мәселесі де кеңінен қозғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәлірек айтқанда, 2022 жылға дейін кемінде 75 мың орынға шақталған жаңа жатақханалар құрылысын бастау тапсырылды.

Биылдың өзінде еліміз бойынша 5 мыңдай студент жатын орынмен қамтылмақ. Ал Батыс Қазақстан облысында тек колледж студенттерінің өзіне 2 мыңдай орын қажет екен.

Биыл республика бойынша студенттік жатақханалар құрылысы үшін ел қазынасынан 1 миллиард 47 миллион теңге бөлініп отыр. Таяудағы 3 жылда отандық университеттер мен колледждерде білім алып жатқан 75 мың студент жаңа жатақханалармен қамтылуы тиіс. Кәсіпкерлердің жаңа құрылыстармен қатар қонақүй мен хостел секілді нысандарды жатақханаға лайықтап қайтадан салып шығуына мүмкіндік бар.

Айгүл Садықова, Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының аға кеңесшісі:

– Хостелдер және басқа объектілерді, қонақүйлерді жатақхана ретінде қолдануға болады. Бірақ бірнеше талап бар. Біріншіден, нысан 50 жылдық болмауы керек. Келісімшарты аяқталғаннан кейін объектіні мемлекетке беруге болады немесе өзінің меншігіне беруге болады.

Ақжайық өңірінде тек колледждерде білім алып жатқан 1800-дей студент жатақханаға зәру. Олардың бәрі қалада тұратын тума-туыстарын жағалап немесе пәтер жалдап жүргені рас. Дегенмен облыста келешекте бой көтеруі тиіс бірнеше жатақхананың жобасы дайын. Жаңа нысандар аудан орталықтарында да салынбақшы.

Өңірдегі ең көне білім ордасы – Махамбет Өтемісов атындағы мемлекеттік универститетінде 5 мың студент білім алуда. Олар осы оқу орнынан 24 түрлі мамандықты меңгеріп шығады. Университет басшылығының айтуынша, келер жылы 500 адамға есептелген 9 қабатты жатақхана құрылысы басталады.

Түймеш Дәрішева, М.Өтемісов атындағы БҚМУ проректоры:

– Биыл біздің университет барлық талаптарға сай келетін 500 орындық жатақхана салуға тапсырыс беріп отыр. Мемлекеттік-жекменшік әріптестік аясында инвестордың барлық шығындары бюджет қаржысы есебінен өтелетін болады. Қаражат осы 500 орынның толығып отыруына қарай төленеді. Оны арнайы құрылатын комиссия анықтайды.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасының ережесіне сәйкес, мемлекет 8 жылдың ішінде инвесторға қаржыны қайтаратын болады. Ал кәсіпкерлер ғимаратты оқу орнының меншігіне өткізеді. Сонымен қатар студенттердің айлық төлемақысы шәкіртақының 15 пайызынан аспауы тиіс.

 

Авторлары: Талғат Серкқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

 

Мақалаға сілтеме

ВИРТУАЛДЫ ТУР

СЕРІКТЕСТІКТЕР

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua