Әйел-ана, әйел-батыр, әйел- жар

«Біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар. Халқымыз «Қыздың жолы жіңішке» дегенге ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жолы – қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның теңқұқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы болды. Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз. Біз ананы қорғап-қолдауымыз керек. Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс. Мемлекет әбден асқынған жыныстық құлдыққа, әйелге тауар ретінде қарайтын көзқарасқа айрықша қатаң түрде тыйым салуға тиіс.Біздің елімізде толық емес отбасылар көп. Мемлекет баланы жалғыз тәрбиелеп жатқан аналарға көмектесуі керек. Біз әйелдер үшін икемді еңбек түрлерін қалыптастырып, үйде жұмыс жасауларына жағдай туғызуымыз керек. Заң, мемлекет және мен біздің ханымдарымыздың жағындамыз. Біз бұдан әрі де елімізде әйелдердің рөлі артуы үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз. Қазіргі замандағы қазақстандық әйел қызмет істеуге ұмтылуы керек. Әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне белсене тартқан жөн, әсіресе, жергілікті деңгейдегі өңірлерде. Олардың бизнес ашып, оны жүргізуіне де қолайлы жағдай жасаған абзал.» - деп елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында әйел затына үлкен мән береді.
Қазақтың көшпелі дәуірінде қыздарды, әйелдерді жоғары бағалаған. «Олар-өмір-өмірдің сәні мен салтанаты, ер адамдардың ақылшысы, балалардың тәрбиешісі» деп қараған.  Әйел ибалы қыз, инабатты келін, қарындас, ана, апа, әже. Ата- бабаларымыз қашанда ұрпақ тәрбиесін әйел- анаға жүктеген, әйелді құрмет тұтқан. «Алып анадан туады» демекші, біздің қайсар аналарымыз талай-талай таланттарды дүниеге әкелді.
Қазір тарихи сахнада ғылым, білім, техника, ақпарат, сауаттылық заманы. Ерлердің ісі болып есептелетін салада әйелдердің саны артып келе жатқандығын кім де болса мойындайды. Әйел көлікті де жүргізе алады, ұшақты да басқарады. Бүгінгі әйел билік басында еркекпен иық тірестіріп жұмыс істеп жүр. Талантты, білімді әйел ешқандай тосқауылға қарамай, отбасын құрып, билік басында отырып, керек десеңіз министр қызметін де атқара алады.
Қазақ тарихында, ұлт мәдениетінде, салтында, дәстүрінде әйел адамның, қыз баланың қоғамдағы орны ең алдымен отбасындағы орнымен қадірлі саналған. Яғни әйел адам қоғамымыз үшін болашақ ұрпақты жалғастырушы ана, мемлекет өміріндегі жауапты қызметкер, отбасындағы аяулы жар. Сондықтан да отбасы мен қызметін бірге ала жүріп, әлемнің бесігін тербеуге құдіреті жететін әйел адамды әрқашанда құрмет тұтуымыз керек!

 

Айгүл Бақтығалиқызы, 
«Физика-математика» факультетінің деканы

VIRTUAL TOUR

PARTNERS

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua