Рухани жаңғыру: студенттерді ұлттық құндылықтарға баулу ісі

Жан дүниесі рухани бай, ұлттық рухты ұрпақ тәрбиелеу қашанда аса жауапты әрі күрделі жұмыс. Бұл ретте бүгінгі жоғары оқу орны ғалым-педагог-ұстаздарының міндеті – еліміз үшін лайықты азаматтарды ұлттық құндылықтарға және еңбексүйгіштіке баулу болмақ. Лайықты азамат - өз білімін Отанымыздың игілігі үшін жұмсайтын тұлға. Қазіргі  құбылмалы заманда жастарымыз еңбекқор болмаса, ешқандай бәсекеге түсе алмайтынын терең түсінуі кажет-ақ.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Білім және ғылым қызметкерлерінің Республикалық  тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде: «Жаңа ұрпақты алдағы сын-қатерлерге дайындау қажет. Олар еңбексүйгіштік идеялары мен құндылықтары негізінде тәрбиеленуі тиіс. Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі. "Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеуге міндетті" (Мағжан Жұмабаев). Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады. Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс. Лайықты азамат – білімді, Отанына адал, елін, жерін сүйетін тұлға. Бұл әлемде Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Елін шынайы сүйетін азаматтарды тәрбиелеу – ұстаз мақсаты. Тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі. Әл-Фарабидің "Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы" деген сөзі барша білім саласы қызметкерлерінің бой түзер бағдары болуы тиіс. Отандық білім саласы туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз тарихыңа құрметпен қарауға тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі тиіс»,-деп құнды қағидат боларлықтай ой тізбегін ағытқан-ды.Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларындағы негізгі бағыттар мен жобалар аясында  жаңа ұрпақты ұлттық рухани құндылықтарға баулу ісі кешенді тұрғыда қолға алынуы тиіс. Бұл ретте ұсынылған әрбір бағыт пен жобаның нақты мақсаты барын ұстаздар қауымы айқын білуі жөн. Мәселен,  «Бәсекелік қабілет» бағытына сәйкес алғы мақсатты Қазақ елі жастарының бәсекелік қабілетін шыңдауға баулу, бәсекелік ұғымын түсінуге, ұғынуға, қалыптастыруға, ойлана іс-қимыл жасауға баулу тұрғысында ұсынар едік. Себебі қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алары даусыз. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындаларын ескерсек керек. Бұл орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін» делінген.

Қадірлі әріптестер! «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жоғары оқу орны студенттерін ұлттық рухани құндылықтарға баулудағы межелі мақсаттар желісін төмендегіше топтап ұсынуды жөн көрдік:

- «Прагматизм» бағытының мақсаты: Ұлттық прагматизмдідамыту, төл тарихымыздағы, бабаларымыздың өмір салтындағы шынайы прагматизмнің жарқын үлгілерінен тағылым алу, қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерте келе толыққанды жаңғыруға баулу.

- «Ұлттық бірегейлікті сақтау» бағыты: Ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, ұлттық болмыстың өзегін сақтау, сипаттық тұрғыда өзгерту, ұлттық рухқа баулу, мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылуға баулу.

- «Білімнің салтанат құруы» бағыты: Жаңа ұрпақты білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылдыру, табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін терең түсіндіру.

- «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» бағыты: Тарихтан өзіңше тағылым ала білуге, өзіндік субьективтік көзқарастар қалыптастыруға баулу. Тарихтың сабағын айқын түсінуге, тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай қазіргі құбылыстардан ой түюге, пайым жасай білуге баулу.

- «Сананың ашықтығы» бағыты: Дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге тырысуға, жаңа технологияның ағыны әкелетін өзгерістерге, өмір салтымыздағы түбегейлі өзгерістерге дайын болуға, өзгелердің тәжірибесімен танысуға, ең озық жетістіктерін бойға сіңіруге баулу.

«Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру» жобасы: Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынына бойлату, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарына неғұрлым дәйектілікпен, байыппен қарауға баулу, уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуға көз жеткізу.

- Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы: Жастарға толықанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасау, гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аудара отырып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау.

- «Туған жер» жобасы:Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысуға баулу, білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздеуге жұмыстану.

- «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы: Жастардың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру, «Мәдени-географиялық белдеудің» рөлі мен оған енетін орындар туралы әрбір қазақстандық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізуді қолға алу.

- «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы: ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға өзіндік үлес қосуға ұмтылу, мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыруға баулу.

- «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы: Бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына назар аударту, бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асыруға баулу, ел тәуелсіздігін бекіту,сақтау жолында қыруар іс атқарып жүрген, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихының құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қоймауын баса ескеру, жастарымыздың өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуына қажетті үлгі ұсына білу.

- Ұлы Даланың бірінші қыры – «Атқа міну мәдениеті»: Түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңілуге ұмтылдыру, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туғанын ескеру бүгінде төл тарихымызға оң көзқараспен қарауға баулу. Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығының жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі екенін әр кез ескеру.

            - Ұлы Даланың екінші қыры – «Ұлы даладағы кенді металлургия»:Ұлы даладағы ежелгі металлургия жөнінде түсінік беру, экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныстың өте жоғарылығын, мүмкіндіктердің аздығын, кәсіпорындардың тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүрлігін түзетуге бағыттау.

- Ұлы Даланың үшінші қыры – «Аң стилі»:Ұлы даланы мекендеген ата-бабаларымыздың дүниетанымы мен құндылықтарын білуге, өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті негізінде рухани бағдарын айқындау, жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысын символ тұрғысында тануына бойлау.

- Ұлы Даланың төртінші қыры – «Алтын адам»:Жаңа ұрпақты түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға, бабаларымыздың өз тұсында аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасағанын тануға, Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологиясына терең үңілуге, ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен хабардар болуға баулу

- Ұлы Даланың бесінші қыры – «Түркі әлемінің бесігі»:Қазақстан жерінің тәжі, күллі түркі әлемінің бесігі Алтай өңіріне мән беруге, дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесінің пайда болуына, Ұлы дала төсіндегі жаңа кезең бастауына назар аударту,өнер мен ғылымның, әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалар тарихына бойлату, Әбунасыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды тұлғалар тағылымына үңілуге баулу.

- Ұлы Даланың алтыншы қыры – «Ұлы Жібек жолы»: Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни, Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуына назар аударту, Ұлы Жібек жолы жүйесі негізіндегі мәдени, зияткерлік ынтымақтастықтың қалыптасуына, дамуына мән беру, дала белдеуіндегі өркениетке баулу.

- Ұлы Даланың жетінші қыры – «Қазақстан - алма мен қызғалдақтың отаны : Жаңа ұрпақтың назарына асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденгенін сала келе, туған еліңнің жусаны мен жуасына мән беруге баулу

-  «Архив - 2025» жобасы:Тарихи сананы жаңғыртуда дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне қатысты тұстарды жан-жақты ой елегінен өткізуге, терең зерделеуге баулу. Бабаларымыздың өмірі мен ғажап өркениеті жөніндегі сандаған деректі құжаттардың әлі де ғылыми айналымға түспегенін аңғарту,жаңа ұрпақтың өз тарихына қатысты мақтаныш сезімін ұялату, отаншылдық тәрбие беру.

- «Ұлы Даланың ұлы есімдері» жобасы:Көпшілік санасындағы тарихи үдерістердің тұлғатану сипатына мән беру, өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтуға баулу, Ұлы даланың ұлы есімдерін, тұлғаларын, өнеге тұтып, олардан тағылым алу, жастар өнерінің креативті әлеуетін дамытуды жүйелеу, жандандыру, Ұлы Дала тұлғаларын кешенді формада насихаттау.

- «Түркі әлемінің генезисі» жобасы: Қазақстанның күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» екенін таныта түсу, жаңа ұрпақты Түркі халықтарына ортақ туындылармен таныстыру, бүкіл түркі әлемі үшін қазақ елінің киелі орындарын насихаттау.

- «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» жобасы : Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу бағытында, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құру негізінде білімді дәріптеу, туризмді дамытуға баса мән беру.

- «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы:Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері арқылы, дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасы негізінде көшпенділердің бай мұрасымен танысуға, тағылым алуға, жүйелі зерттеуге, дәріптеуге, іздеу-зерттеу экспедициясына шығуға баулу.

- «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» жобасы :Қазіргі заманғы жаңа ұрпақтың тарихи таным-түйсігінде кино өнерінің ерекше орынға иелігін ескере келе, Қазақстанның өркениет тархындағы үздіксіз дамуын аңғарту, Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалану негізінде ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыру, қазақтың бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғаларын таныстыру.

Қысқасы, жоғарыда баса айтылған алғы мақсатқа қатысты тұжырымдардың күллісі де тұлғаның рухани жаңғыруын жүзеге асырмақ. Демек, Әйтеке бабамызға сүйене түйіндер болсақ, еңбексіз өткен өмір де бір, ерте келген өлім де бір. Еңбегің жанса қуанарсың, бірақ қуаныш келсе таспа, қасірет келсе саспа! Сондықтан жетпей жатып болдым деме, болмай жатып толдым деме. Жетпей жатып болдым деген төменде күйбеңдейді, төменде күйбеңдеген төбенің басын көрмейді. Тау болмаса да төбенің басын көрмегеннің ғұмыры зая. Қолдан келсе, асқақ ұш. Асқақ ұшсаң, абайлап қон. Өйткені, төбеге ұшсаң күндейтін, төменде қалсаң, жүндейтін жамағайынсымақтар толып жатыр. Ал жақсы адам қашан да өзгеге шарапат тигізуге ұмтылар. Қолыңнан келсе, зағип көретін, керең еститін іс тындыр. Жақсылық жасасаң  - жасыр, жақсылық көрсең – асыр. Олай болса, жақсының серігі – әманда ақыл, қанағат, әдеп, төзім, сабыр, үміт, татулық, бірлік. Ер жігітке төзім – тірек, сабыр – қамал, ақыл – әл-қуат, ар-абырой – қазына, қанағат – асыл тас, бата – мұра, әдеп – сән, жалған сөз – дерт, ақиқат – ем, үміт – көңіл азығы, сезім – бұлақ, қиял – шырын, тілі – жүрегінің елшісі.

Рухани 2  Рухани 3

 

                                                                                Абат Қыдыршаев,

                                                                   «Рухани жаңғыру» институтының директоры,

                                   п.ғ.д., профессор, «Қазақстанның құрметті ұстазы» медалінің иегері

VIRTUAL TOUR

PARTNERS

joomla

Powered by Joomlamaster.org.uatogether with Joomstudio.com.ua