Нұрлан Серғалиев: "Білім мен ғылым – Елбасы Жолдауының басты бағдары"

1538745073  9a1b664b4fcfe2523e1688500843708a

Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазанында Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын ұсынды. Қоғамдық өмірдің түрлі саласын қамтыған аталмыш Жолдауда ғылым, білім және жастар мәселесі ерекше орынға қойылған және аталған саладағы маңызды мәселелердің жолдары нақты белгіленген.

Еліміздің бұдан былайғы дамуы тек қана ғылымның деңгейімен өлшенетінін атап өткен Елбасы ғылымға басты назар аударуға тиіс екенімізді жеткізді.

Дәл осы тұста отандық ғылым деңгейі қандай деген орынды сұрақ туады. Бұл тұрғыдан алғанда да еліміз діттеген меже биігінен көріне алатынына сенім мол. Отандық ғылым мектебі қазірдің өзінде теңдессіз нәтижелерін бере бастады. Қай жағынан алғанда да біздің ғалымдар отандық экономиканы озық технологиямен байытудың тірегі болары сөзсіз.

Біз осы уақытқа дейін өмірлік қажетті үш тіреудің басын біріктіре алмай жүрдік. Білім – ғылым – өндіріс үштігінің басын қосатын нақты заң қабылданып, бұл күндері нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Өндірісті дамытушы ғылымды инвестициялаудың халықаралық қалыптағы жүйесі енді біздің ел өміріне де ене бастады. Бұған дейін ғылым «қаражаттан шөліркесе», ғалымдар ашқан жаңалықтар өндіріске жолдама алудан ысырылып келсе, енді ондай тоқырау болмайтын болды. Ғылымды инвестициялаудың бірнеше арнасы жұмыс істей бастады. Мәселен ғылыми-зерттеулер үшін арнайы мемлекеттік мақсатты гранттар бөлу, мемлекеттік тапсырыстар бойынша ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, ғылымға бөлінетін қаржыны ғалымдардың өз екшеулерінен өткізе отырып бөлу, ақыр аяғында жекенің капиталын инвестиция ретінде тарту арналары пайда болды. Ашылған жаңалықтарды өндіріске енгізу ісі жеңілдей түсті. Қазір үкімет деңгейінде жоғары ғылыми-технологиялық кеңес жұмыс істейді. Бұл кеңес салалық ғылыми кеңестердің ұсыныстарын екшеуден өткізеді. Сайып келгенде, бәрінің де мүддесі ғылымды инвестициялау, жаңалықты өндіріске кідіріссіз енгізу жұмыстарын жүйеге түсірген, жемісті ететін бір жаңа арна болғанын айта кету керек.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қойып отырған талаптарға сәйкес, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүргізуде. Университетіміздің ғылыми-зерттеу жұмыстары және инновациялық жобалар бойынша Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмыстануда.

Бүгінгі ғылымның индустриалды-инновациялық дамуына байланысты зерттеулерді коммерцияландыру күн тәртібінде тұрған күрделі мәселе. Өйткені әлемдік деңгейдегі зерттеулер мен әлемдік ғылым Қазақстанға келуі үшін бізге қайтсек те ғылыми ізденістерді коммерциялаудың тәжірибесі мен тетіктерін меңгеруге тура келетіні дәлелденіп отыр. 2018 жылы университет ғалымдарының іргелі және қолданбалы зерттеулері келісім шарттар аясында және мемлекеттік қаражат есебінен қаржыландыру жалғасты, сонымен бірге жаңа жобалар қаржыландырылуда.

Ғалымдарымыздың қаржыландырылған ғылыми жобаларға қатысу көрсеткішін арттыру мақсатында да бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы оқу жылы екі зерттеу зертханасы құрылды. Іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамыту бағытында университет өзі қаржыландыратын ішкі гранттар бөлуді жоспарлап, осы бағытта жұмыстар да басталып кетті. Сонымен қатар материалдық-техникалық базаны жаңарту, ғылыми жоба нәтижелерін коммерцияландыру, өндіріске енгізу жұмыстарын жандандыруды арттыру басты назарда. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың: «Қазір... ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген адам озады» деп үнемі бағыт сілтеп отыруы студенттер мен оқытушылардан ғылыми ізденіс пен кәсіби шеберлікті, біліктілікті талап еткені. Бұл үшін білім жүйесінде білім беру мен оқытудың, ғылымды игерудің халықаралық талаптарын меңгертудің маңызы зор.

Университет бүгінгі таңда ғылыми бағыттағы ынтымақтастық қызметі алыс және жақын шетел жоғары оқу орындарымен халықаралық байланыстарды ұйымдастыру және дамыту жұмыстары бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда. Нәтижесінде бүгінде университетіміз таяу және алыс шетелдің 100-ден аса жоғары оқу орнымен келісімшарт жасаған. Елбасы атап өткен шетелдік жоғары оқу орындарынан тәжірибе алмасу мақсатында топ-менеджерлерді тарту бойынша да жұмыстарымыз жалғасын табуда.

Ғылыми-зерттеу консорциумдары мен келісімдері аясында Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының және ғылыми бірлестіктерінің ғалымдарымен бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Қазіргі таңда Ресейдің Қазан мемлекеттік университетімен білескен бірнеше ғылыми жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда.

Шетелдік ғылыми ортада отандық зерттеу жұмыстарының ғылыми жаңалықтары мен негізгі тұжырымдарын танытудың өзектілігі қазақстандық ғалымдар еңбектерінің рейтингісін арттыру мақсатында М. Өтемісов атындағы БҚМУ Хабаршысын жоғары рейтингке ие ғылыми басылымдар қатарына қосу бойынша жұмыстар қолға алынуда.

Елбасы алға қойған аса басты міндеттердің бірі – мамандардың нарықта қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеу. Президент бізге Қазақстанның білікті мамандары әлемнің әрбір түкпірінде сұранысқа ие болу қажет деген талап қойған болатын. Қазірде біздің тарапымыздан осы бағытта нақты қадамдар жасалуда. Қазіргі университет түлегі ол – озат, жоғары білікті және өз саласы бойынша жетік білімді игерген, әлемнің кез-келген елінде сұранысқа ие болатындай, бәсекеге қабілетті маман болуы қажет. Жоғары білім беру орындары диплом берумен шектелмей, сол диплом иесі жұмыспен қамтылған жағдайда ғана университеттердің жұмысы бағаланатынын қатаң түрде ескертті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұған дейінгі жолдауында жолдауында «Біз мұғалімнің мәртебесі мен абыройын қайтаруға міндеттіміз» деген болса, бүгінгі Жолдаудың педагогтар ұжымы үшін тағы бір сыйы – келесі жылы «Педагогтар мәртебесі» туралы Заң қабылданатындығы. Педагог мамандар дайындап отырған Махамбет университеті ғасырға жуық тарихы бар өңірдегі білімнің қара шаңырағы, ұстаздар ұстаханасы үшін бұл жаңалықты университет ұжымы ерекше ықыласпен қабылдайтынымыз сөзсіз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте», - деген әдемі сөзі бар. Ұстаздар – мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір тәріздес. Мемлекеттің ертеңгі болмысы – ұстаздың бүгінгі тәлімінде екені тағы бір айқындалғандай.

«Білімді ел – мәңгі ел». Білімді жастар – мәңгілік елдің болашағы. Ел тізгінін ұстар болашақ жастарға көңіл бөлудің нақты Алдағы жылдың «Жастар жылы» аталатындығы универсиетімізде білім алып жатқан барлық жастың ортақ қуанышы екені даусыз.

Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына арналған осы жылдағы екінші Жолдауын ұжымымызда тыңдап, талқылап, жан-жақты түсіндіру барысында алға міндеттер белгіленді. Қыруар істі қолға алған Елбасымыз әрбір мемлекеттік қызметкерден өз жауапкершілігіне дұрыс қарауды талап ететіні баршаға белгілі. Бұл біздің ұжым жұмысының барысында есте сақтайтын ең басты шарт. Содан да болса керек, 86 жылдық тарихы бар М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушы, профессорлар құрамы студенттерге білім беруді замана талабына сай жүргізіп қана қоймай, сонымен бірге өз мамандықтары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын қарқынды дамытуда. Қысқасы, тәуелсіз мемлекетіміз қазақстандықтардың жан-жақты дамуы үшін әлемнің барлық тұстарына жол ашып берді. Енді сол мүмкіндікті ең әуелі өзіміздің жеке басымыздың дамуы үшін пайдаланып жатсақ, мұның өзі жалпыұлттық дамуға қосқан үлесіміз болар еді демекпін.

Қорыта айтқанда, бүгінде Қазақстан мемлекеттік және ұлттық дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтеріліп келеді. Бұл орайда барлық мүмкіндіктер іске қосылуда. Осы арқылы әр қазақстандықтың жеке дамуына да алғышарттар қаланған. Қазір елімізде қолға алынған істер аса ауқымды. Тек осынау ауқымды іске әрқайсымыз өз үлесімізді молайта түсу үшін жұмыла алсақ болғаны. Тек енді осы жалпы дамуға әр жалқы жауаптымын деп сезініп жұмыс істеуі керек деген ойдамыз. Осылай істей алсақ, біз бағындырмайтын асу жоқ дер едім.

Нұрлан Серғалиев,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры, б.ғ.к.,

қауымдастырылған профессор

 

Мақалаға сілтеме

 

 

ВИРТУАЛЬНЫЙ ТУР

ПАРТНЕРЫ

joomla

Разработано Joomlamaster.org.ua совместно с Joomstudio.com.ua