Жолдауда ғылым, білім және жастар мәселесі ерекше орынға қойылған - Нұрлан Серғалиев

1538745073  9a1b664b4fcfe2523e1688500843708a

Еліміздің бұдан былайғы дамуы тек қана ғылымның деңгейімен өлшенеді. Қоғамдық өмірдің түрлі саласын қамтыған Елбасы Жолдауында ғылым, білім және жастар мәселесі ерекше орынға қойылған.

Бүгінде отандық ғылым деңгейі қандай? Еліміз діттеген меже биігінен көріне ала ма?

Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Отандық ғылым мектебі қазірдің өзінде оң нәтижелерін бере бастады. Қай жағынан алғанда да біздің ғалымдар отандық экономиканы озық технологиямен байытудың тірегі болары сөзсіз.

Біз осы уақытқа дейін өмірлік қажетті үш тіреудің басын біріктіре алмай жүрдік. Білім – ғылым – өндіріс үштігінің басын қосатын нақты заң қабылданып, бұл күндері нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Өндірісті дамытушы ғылымды инвестициялаудың халықаралық қалыптағы жүйесі енді біздің ел өміріне де ене бастады. Бұған дейін ғылым «қаражаттан шөліркесе», ғалым ашқан жаңалық өндіріске жолдама ала алмаса, енді ондай тоқырау болмайтын болды. Ғылымды инвестициялаудың бірнеше арнасы жұмыс істей бастады. Мәселен ғылыми-зерттеулер үшін арнайы мемлекеттік мақсатты гранттар бөлу, мемлекеттік тапсырыс бойынша ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, ғылымға бөлінетін қаржыны ғалымдардың өз екшеуінен өткізе отырып бөлу, ақыр аяғында жекенің капиталын инвестиция ретінде тарту арналары пайда болды. Ашылған жаңалықты өндіріске енгізу ісі жеңілдей түсті. Қазір үкімет деңгейінде жоғары ғылыми-технологиялық кеңес жұмыс істейді. Бұл кеңес салалық ғылыми кеңестердің ұсыныстарын екшеуден өткізеді. Сайып келгенде, бәрінің де мүддесі ғылымды инвестициялау, жаңалықты өндіріске кідіріссіз енгізу жұмысын жүйеге түсірген, жемісті ететін бір жаңа арна болғанын айта кету керек.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қойып отырған талапқа сәйкес, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүргізіп, еліміздің индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосып келеді.

Бүгінде ғылымның индустриалды-инновациялық дамуына байланысты зерттеулерді коммерцияландыру – күн тәртібінде тұрған күрделі мәселе. Өйткені әлемдік деңгейдегі зерттеулер мен әлемдік ғылым Қазақстанға келуі үшін бізге қайтсек те ғылыми ізденістерді коммерциялау тәжірибесі мен тетігін меңгеруге тура келеді. 2018 жылы университет ғалымдары іргелі және қолданбалы зерттеулерін келісім шарттар аясында және мемлекеттік қаражат есебінен қаржыландырды.

Ғалымдардың қаржыландырылған ғылыми жобаларға қатысу көрсеткішін арттыру мақсатында да бірқатар жұмыс жүргіздік. Мәселен, биылғы оқу жылы екі зертхана құрылды. Іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамыту бағытында университет гранты тағайындалды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазір... ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген адам озады» деген сөзі студенттер мен оқытушылардан ғылыми ізденіс пен кәсіби шеберлікті, біліктілікті талап етеді.

Университет бүгінгі таңда алыс-жақын шетел жоғары оқу орындарымен халықаралық байланыс ұйымдастырып келеді. Нәтижесінде таяу және алыс шетелдің 100-ден аса жоғары оқу орнымен келісімшарт жасаған. Ғылыми-зерттеу консорциумдары мен келісімдері аясында Ресей Федерациясы жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының және ғылыми бірлестіктерінің ғалымдарымен бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Сондай-ақ отандық зерттеу жұмыстарының ғылыми жаңалықтарын әлемге таныту үшін Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ Хабаршысын жоғары рейтингке ие ғылыми басылымдар қатарына қосу бойынша жұмыс қолға алынды. Елбасы алға қойған басты міндеттің бірі –қазіргі және келешектегі нарықта сұранысына сай маман даярлау. Президент бізге Қазақстанның білікті мамандары әлемнің әрбір түкпірінде сұранысқа ие болу қажет деген талап қойып отыр. Қазір біздің тарапымыздан осы бағытта нақты қадамдар жасалуда. Бүгінгі университет түлегі – озат, жоғары білікті және өз саласы бойынша жетік білімді игерген, әлемнің кез-келген елінде сұранысқа ие болатындай, бәсекеге қабілетті маман болуы қажет. Жоғары білім беру орындары диплом берумен шектелмей, сол диплом иесі жұмыспен қамтылған жағдайда ғана университеттердің жұмысы бағаланады.

Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына арналған осы жылдағы екінші Жолдауын ұжымымызда тыңдап, жан-жақты талқыладық. Алдымызға нақты міндет қойдық. Қыруар істі қолға алған Елбасы әрбір мемлекеттік қызметкерден өз жауапкершілігіне дұрыс қарауды талап етеді. Бұл біздің ұжымның да жұмыс барысында есте сақтайтын ең басты қағидасы. Содан болса керек, тоқсан жылға таяу тарихы бар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушы, профессорлар құрамы студенттерге білім беруді замана талабына сай жүргізіп келеді. Өйткені тәуелсіз мемлекетіміз қазақстандықтардың жан-жақты дамуы үшін әлемнің барлық тұсына жол ашып берді. Енді сол мүмкіндікті ең әуелі өзіміздің жеке басымыздың дамуы үшін пайдалансақ, мұның өзі жалпыұлттық дамуға қосқан үлесіміз болар еді.

 

Нұрлан Серғалиев,

Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры,

Биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор,

Батыс Қазақстан облысы

 

Мақалаға сілтеме

 

ВИРТУАЛЬНЫЙ ТУР

ПАРТНЕРЫ

joomla

Разработано Joomlamaster.org.ua совместно с Joomstudio.com.ua